Сәтбаев Университеті Ақылжан Бейсебаевпен қоштасты
Ақпанның 6-сы күнгі түнде 86 жасқа қараған шағында Қазақстан тау-кен саласының көрнекті ғалымдарының бірі, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Ақылжан Масымханұлы Бейсебаев қайтыс болды.
Ақылжан Бейсебаев 1936 жылы 20 мамырда Алматы облысы, Талғар станциясында дүниеге келген. Қазақ тау-кен металлургия институтын (1960), Мәскеу тау-кен институтындағы ФПК-ны (1968), Колумбия университетінің (АҚШ, 1992) бизнес мектебін бітірген, техника ғылымдарының докторы, (1988), профессор (1988), Халықаралық жоғары мектеп ғылыми академиясының (2003), «Экология» халық академиясының (1997), Халықаралық ақпараттандыру академиясының (2001), Ресейдің тау-кен ғылымдары академиясының (2000) академигі, ҚР ҰҒА-ның Жер ғылымдары бөлімінің мүшесі (1997).
1960–1964 жж. – «Қарағандыкөмір» комбинатында тау-кен шебері, шахта учаскесі бастығының көмекшісі, қауіпсіздік бөлімінің жетекші инженері; 1964 жылдан – Бұрғылау және жару жұмыстары полигонының бас инженері; 1977–2015 жж. – Сәтбаев университетінің аға оқытушы, доцент, профессор, «Тау жыныстарын бұзу және шахта құрылысы» кафедрасының жетекшісі болды.
Негізгі ғылыми жұмыстары жарылыс жұмыстарының қауіпсіздігі мен оларды механикаландыруға, сондай-ақ жаңа жарылғыш заттарды (ЖЗ) жасауға арналған. Оның басшылығымен жасалған екі жаңа жарылғыш зат тиімділігі мен дайындығының қарапайымдылығы жағынан әлемде теңдесі жоқ болып саналады. Ол жарылыс жұмыстарын кешенді механикаландыру және олардың қауіпсіздік жүйесінің, Қазақстанда жарылғыш заттарды дамыту тұжырымдамасының авторы. Мұның бәрі Мемлекетаралық бағдарлама бойынша іске қосылған, соның нәтижесінде Қазақстан жарылғыш заттарға деген өз қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етті.
Профессор А. Бейсебаев «Орталық Азия тау-кен өнеркәсібі одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті, «Қазақстан тау-кен журналының» бас редакторы болды. Ол 200-ден астам ғылыми жұмыстың, оның ішінде 17 монографияның, екі оқулықтың, 40 өнертабыстың авторы, техника ғылымдары бойынша 7 ғылым кандидаты мен екі ғылым докторын дайындады. Краков тау-кен металлургия академиясында және оның тау-кен кәсіпорындарында (1987, Польша), «Динамит-Нобель» фирмасының (1993, 2000, Германия), «Энсайн-Бикфорд» (1992, АҚШ), «Нитро-Нобель» фирмасының (1994, Швеция) жарылғыш заттар шығаратын зауыттарында және тау-кен кәсіпорындарында, сондай-ақ Канаданың тау-кен кәсіпорындарында (1996) ғылыми тағылымдамадан өткен.
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті сыйлығының лауреаты, КСРО және Қазақстан Республикасының бес орден-медальдарымен, «Шахтер даңқы» белгісінің үш дәрежесімен де марапатталған. Қазақстанның білім беру ісінің құрметті ардагері.
Марқұмның отбасы мен туған-туыстарының, дос-жарандарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Ақылжан Масымханұлының жарқын бейнесі қызметтес әріптестерінің, студенттерінің және Сәтбаев университетінің ұжымының есінде мәңгі сақталады.