Ақпарат:

20 қараша 2024 1772

Сәтбаев университеті студенттер мен жұмыс берушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда

Сәтбаев университеті студенттер мен жұмыс берушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда

Сәтбаев университетінде жыл сайын студенттерге арналып өтетін бос орындар жәрмеңкесіне биыл да Қазақстанның жетекші компанияларының өкілдері жиналды. Жәрмеңке аясында Қазақстан университеттері мен жетекші жұмыс берушілердің жаңа қауымдастығы – Career Hub ашылды.

Жәрмеңке әртүрлі техникалық және инженерлік салаларда жұмыс істейтін студенттердің, түлектер мен жұмыс берушілердің кездесу алаңына айналды, мұнда IT, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, мұнай-газ өнеркәсібі, құрылыс және жобаларды басқару секілді ірі-ірі салалардың өкілдері келді. Атап айтқанда, жәрмеңкеге «Лукойл Лубрикантс Орталық Азия», «Шин-Лайн», «KazMinerals», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг», «BAZIS-А», «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan», «LG Electronics» және басқа да компаниялар қатысып, алдағы кәсіби байланыстар мен мансаптық перспективалар туралы пікірталас орнатуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар жәрмеңкеге Қазақстан-Британ техникалық университетінің, КИМЭП университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, «Тұран» университеті және Алматының басқа да университеттерінің өкілдері қатысып, студенттерді оқыту мен жұмысқа орналастыру туралы соңғы тенденцияларды, қос дипломды білім беру, осы процестерді цифрландыру, сондай-ақ жалпы қала көлемінде студенттерді келісім бойынша жұмысқа орналастыру үшін университеттерге көмектесетін Carrier Hub қауымдастығының болашақ жұмысы туралы талқылады.

Career Hub ұйымын ашуға Сәтбаев университеті мен Beam.kz жұмыспен қамту платформасы бастамашы болды. Beam Career Management Center орталығының директоры Санжар Кенжеханұлы жиналғандар алдында сөз сөйлеп, алдағы ынтымақтастық қарым-қатынастың келешегі жайлы баяндады:

– Біздің мақсатымыз – өзіміздің жұмысымыз туралы айту, жоспарымызбен бөлісу, сөйтіп университеттер мен жұмыс берушілерден кері байланыс алу. Бүгін біз Сәтбаев университетінде жиналып отырмыз, болашақта бұл дәстүрді ҚБТУ жалғастырады, сөйтіп басқа университеттер де қосылады деп сенеміз. Алдағы уақытта бос орындар жәрмеңкелерінен бөлек, біз дамыған елдердегі университеттер қауымдастығы сияқты өндірістік практиканы автоматтандырып, жас мамандарды жұмысқа қабылдауды жақсартудың жаңа әдістерін табамыз», – деді ол.

Мұндай ауқымды консорциумға қатысу жұмыс берушілер үшін әртүрлі университеттердің студенттерімен тікелей байланыс жасауды қамтамасыз етеді, сөйтіп өз компанияларында ұзақ жылдар бойы жұмыс істейтін жас инженерлерді даярлап, кейіннен оларды жұмысқа алу үшін үлкен мүмкіндіктер береді. Дүние жүзіндегі телекоммуникация компанияларына бағдарламалық шешімдерді ұсынатын американдық технологиялық корпорация – Netcracker Technology компаниясының адам ресурстары жөніндегі бизнес серіктесі (Human Resources Business Partner) Сания Сәбит бұл бастамаға өте риза екенін атап өтті:

– Біз студенттермен байланыс жасауға өте мүдделіміз, – деді ол. – Біз өскелең ұрпақты белсенді түрде дамытып келеміз, бізде оқу орталықтарының пилоттық бағдарламасы бар, студенттерді бізде тәжірибеден өтуге шақырамыз, оларға жұмыс, соның ішінде халықаралық жобаларды да ұсынамыз. Осы процестерді біріктіру мен цифрландыру студенттермен ортақ тіл табысуға көмектеседі.

Сәтбаев университеті студенттеріне сапалы білім беріп қана қоймай, сонымен қатар келешекте мансап құру бойынша нақты мүмкіндіктер ұсынады, сөйтіп жоғары білікті мамандарды даярлауда жетекші орталық екенін және білім беруді еңбек нарығының практикалық қажеттіліктеріне сай етіп біріктіру саласында көшбасшы екенін дәлелдей отырып, өндіріспен байланысты нығайтуды одан сайын жалғастыруда.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту