Satbayev University бакалавриаттың жаңа оқу бағдарламаларын ұсынады
2018 жылы 28 маусымда ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында «ҚР жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық қызметін кеңейту мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» қабылданған заңына сәйкес 2019 жылдан бастап республиканың жоғары оқу орындары жаңа білім беру бағдарламаларына ауысады.
«Біз бәсекелестікті күшейтіп, сапасыз жасалған білім беру бағдарламаларын сапалылар қатарына дейін жақсартып отырмыз, енді біздің жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларының қаншалықты сұранысқа ие болатынын қадағалаймыз. Осыған дейін белгілі бір мамандық қана лицензиядан өткен болса, енді мына қабылданып отырған жаңа классификаторға сәйкес кадр даярлаудың бағыттары лицензиядан өтетін болады. Басқаша айтқанда, жоғары оқу орындары белгілі бір білім беру бағыты бойынша лицензия алып, сол бағыт бойынша барлық білім беру бағдарламаларын өзі жасап, өзі іске асыратын болады. Осы академиялық еркіндік аясында білім алушыларға өздерінің оқу кеңістігін анықтау үшін қосымша құқық беріледі», – деген болатын ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.
Гранттар даярлау бағыты бойынша бөлінетін болады, яғни келесі оқу жылына бөлінетін гранттар бұрынғыша әрбір мамандыққа жеке-жеке бөлінбейді, тек тұтас ғылыми бағытқа бөлінетін болады. Әсіресе техникалық ғылымдар мен инженерлік мамандықтарға көбірек грант бөлінеді. Грантқа ие болған талапкер даярлау бағытына орай кез келген білім беру бағдарламасын таңдап алып, сол бойынша оқитын болады.
Жаңа білім беру жүйесінің негізі ретінде бірыңғай теориялық база бойынша бірнеше ұқсас мамандықты біріктіріп оқытатын білім беру бағдарламалары алынады. Яғни, алғашқы екі жылда студент жалпы білім беру пәндері мен базалық пәндерді оқиды, атап айтқанда, Қазақстан тарихы, механика негіздері және т. б. Сосын үшінші курстан бастап белгілі бір мамандықты таңдап, сол бойынша оқитын болады. Дәл сол кезден бастап студентке екі бағыт бойынша жеке оқу кеңістігін қалыптастыруға құқық беріледі: major (мамандықты тереңдете меңгеру) және minor (қосымша пәндерді игеру).
Мысалы, «Компьютерлік ғылымдар» бағдарламасы студенттерге базалық білім ретінде бағдарламалауды үйретуді көздейді. Оны аяқтағаннан кейін студенттер бағдарламашы болып шығу үшін белгілі бір оқу бағытын таңдайды, мысалы: өндіріс орындарына қажетті бағдарламаларды өндіру немесе ірі-ірі мәліметтер мен компьютерлік интеллектке сараптама жүргізу саласында жұмыс жасау.
Мұндай оқу жүйесі студентке өмірде өз орнын тауып, белгілі бір мамандықты таңдауға, сол бойынша еңбек етуге, өзі қызығушылық танытқан қосымша пәндерді игеруге, сөйтіп теориялық жағынан да, іс жүзінде де сапалы білім алуға көмектеседі. Болашақ кадрларды осындай жолмен даярлау түлектерге халықаралық ұтқырлық деңгейіне дейін көтеріліп, жер шарының кез келген елінде оқуын әрі қарай жалғастыруға немесе жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.