Ахметов Дәурен Фарабиұлы
Ракуно Гакуэн университетінің профессоры (Жапония), «AlemInternationalCo.,Ltd.» президенті, Саппоро қаласындағы ҚР Құрметті консулдық кеңесшісі
Мен ҚазҰТЗУ-ға (бұрынғы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты) 1976 жылы Қарағандыдағы орта мектепті бітіргеннен кейін түстім. Мектеп кезіннен бастап радиотехника және электроникаға қызықтым, сондықтан институтты таңдау кезінде көп ойланбадым. Сондай-ақ Алматы – менің туған қалам, 1959 жыл осы қалада дүниеге келдім. Әкем – Ахметов Фараби Ілиясұлы, Қазақ Тау-кен металлургия институтының (біздің институт сол кезде осылай аталған) түлегі, сондықтан өзімді отбасымыздың мұрагері әрі жалғастырушысы ретінде сезіндім.
Мен институтқа жеңілдікпен түстім (түсу емтихандарының бір бөлігін ғана тапсырдым), маған Мәскеудегі Н.Бауман атындағы МЖТУ-ға оқуға жолдама берді. Әрине, бұл мен үшін құрмет еді. Бірақ онда оқу тек машина жасау мамандығы бойынша екендігін білгенде, қуанышым су сепкендей басылды. Мен өзіме қызық электроникамен, оның қосымшаларымен айналысқым келгендіктен, КСРО-дағы жетекші оқу орнында оқудан бас тарттым. Оның орнына ҚазПТИ «Автоматика және есептеуіш техника» факультетіндегі «Автоматика және телемеханика» мамандығын таңдадым.
Мен КСРО-дағы жетекші оқу орнында оқудан бас тарттым, КазПТИ-ді таңдадым.
Оқу жылдарын, оқытылған пәндерді, өздерінің білімдері мен тәжірибелерімен бөліскен керемет оқытушыларымды еске ала отырып, қай пәннің сүйікті болғанын айту қиын. Олар – бала кезімнен қызыққан электроника, жоғары және қолданбалы математиканың әртүрлі бөлімдерінің қисындылығы мен дәлелділігі, қарқынды дамып жатқан бағдарламалау, табиғаты әртүрлі нысандарды басқару негіздерін зерттейтін техникалық және әлеуметтік пәндер. Ең бастысы, өмірімде барлық пәннен алған білімім пайдалы болды. Ал кейбіреулерін күнделікті қызметімде зерделеп оқып келемін.
Көптеген пәндерді түсіну мен оқуда қиыншылық болмады. Бірақ сызба геометриясы бойынша графикалық тапсырмалар орындауға уақыт көп кететін. Бұл менің ең ұнайтпайтын ісім еді. Біздің мамандықтың студенттері сызба геометриясы мен химиядан бастап қоғамдық ғылымдар мен шет тілдері сияқты көптеген пәндерден білім алды. Өйткені басқарудың автоматтық және автоматтандыру жүйелері бойынша мамандарға болашақта әртүрлі білім қажет еді.
Біздің ұрпаққа оқытушыларға жолымыз болды десем, артық етпейді. Олар шынымен де жоғарыбілікті, зиялы, рухани бай, тәжірибесі мол адамдар еді. Менің есімде жарқын бейнелерімен қалған және маман ретінде қалыптасуыма әсер еткен бірнеше оқытушыны атап өткім келеді. Олар: Гульницкий Л.В. (физика), Медведева В.А. (ағылшын тілі), «Автоматика және телемеханика» кафедрасынан: Сыздықов Д.Ж., Бричкин Л.А., Архангельский И.П., Тоқтабаев С.М., Соколова С.П., Қадырбеков С.О.
Біздің ұрпаққа оқытушыларға жолымыз болды десем, артық етпейді.
Оқу кезінде үнемі зерттеу жұмыстарымен айналыстым, шаруашылық шартындағы жобаларға қатыстым, республикалық және бүкілодақтық (бұл КСРО кезінде болды) конференцияларға қатыстым. Зерттеу қызметім университетте керемет педагог Л.А. Бричкиннің жетекшілігімен студенттік конструкторлық бюрода «Аспап» тақырыбында жұмысымды жазудан басталды. Бұнда біз ерекше электронды техника жасайтынбыз, тәжірибелер өткізетінбіз.Д.Ж.Сыздықовтың жетекшілігімен «Автоматика және телемеханика» кафедрасында шаруашылық шартындағы жұмыстарды орындау аясында құрылыс, металлургия және мұнай-газ саласында техникалық нысандарды басқару жүйелерін математикалық және бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге қатыстым.
1981 жылы жұмысымды сәтті қорғадым. жұмысым техникалық нысандарды модельді басқару әдістерін әзірлеумен, атап айтқанда, Қарағанды металлургия комбинаты1700 қосында ыстық жұқарту процесін басқарумен байланысты болды. Жұмыстың мақсаты осы күрделі нысанды автоматтық басқару процесін қажетті қарқынмен қамтамасыз ету болған. ұмысымда шығарушы кафедра мен ҚарМК арасындағы келісімшарт бойынша орындалған ҒЗЖ-ның екі жылдық нәтижесі қолданылды. Осы тақырыпты кандидаттық диссертациямда жалғастырып, оны 1989 жылы ҚазПТИ-дің «Автоматика және телемеханика» кафедрасында қорғадым. Кейін осы кафедрада жұмыс істедім. Кандидаттық диссертациям «Техникалық жүйелерді басқару» мен «Технологиялық процестер мен өндірісті автоматтандыру» сияқты екі ғылыми мамандықтың түйіскен тұсында орындалды. Университетті бітірген уақытта ғылыммен айналасатынымды нық шештім, әрі оны жүзеге асырдым. Бұл менің ең дұрыс шешімім болды.
Сөйтіп университетті тәмамдағаннан кейін «Автоматика және телемеханика» кафедрасында жұмыс істеуге қалдым. Мұнда 12 жыл инженер, кіші ғылыми қызметкер, оқытушы, доцент қызметтерін атқардым. Сөзсіз, оқу кезінде алған білімім мен дағдым, сондай-ақ әріптестерімнің қолдауы жемісті жұмыс істеуіме көмектесті.
Сөзсіз, оқу кезінде алған білімім мен дағдым, сондай-ақ әріптестерімнің қолдауы жемісті жұмыс істеуіме көмектесті.
1993 жылы жапон оқу орындарымен бірлескен зерттеулердің бір жарым жылдық бағдарламасы бойынша осы елдің. Білім беру министрлігінің грантын алып, Жапонияға кеттім. Бүгінде Жапонияда тұрып жатқаныма 25 жыл болды. Осы уақыт аралығында ғылыми- қолданбалы зерттеулермен айналыстым, бірнеше оқу орнында, ақпараттық-коммуникациялық жүйелер саласындағы ірі компаниялардажұмыс істедім. 1999 жылы Муроран технологиялық институтында докторлық диссертация қорғадым (Муроран қ., Жапония).
Жалпы Қазақстан заманауи ақпараттық және басқа да технологияларды игерудің бастапқы кезеңінде, өйткені ол материалдық-техникалық базаның болуын талап етеді. Бірақ инженерлік саланың негізгі факторы – сауатты, шығармашыл, жан-жақты білімді маман, әлемді түсіну мен оны жетілдіргісі келетін, әртүрлі қиындықтарды жеңуге дайын адам болып қалады.
Жас әріптестеріме айтарым: әлемде, елімізде, қоғамда болып жатқан өзгерістерді бақылап отырыңыздар. Болып жатқан өзгерістерді талдаңыздар және үнемі жаңа жағдайға бейімделуге тырысыңыздар. Философтардың үйретуінше, инженерия – табиғат пен қоғам арасындағы байланыстырушы түйін.
Еліміздің патриоты болыңыздар, яғни өз Отаныңызды, өз үйлеріңіз бен отбасыларыңызды, өз достарыңызды, университіңізді, өз мамандықтарыңызды бағалаңыздар және сүйіңіздер.