Ақпарат:

1 қараша 2021 63762

Ауыз су мәселесі әрқашан өзекті

Ауыз су мәселесі әрқашан өзекті

Гидрогеология саласындағы зерттеу нәтижелері адамзат үшін аса маңызды. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Соған қарамастан, бүкіл әлемде су тапшылығы бар. Соның ішінде, әсіресе таза ауыз су мәселесі өзекті.  

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын сезінеді. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Әлемде жыл сайын таза судың жоқтығынан, соның салдарынан болатын антисанитариядан мыңдаған адам көз жұмады. Оның көбі – балалар. 

Кейбір елдердегідей аса қат болмағанмен, Қазақстанда да ауыз су проблемасы бар. Дегенмен еліміздегі жерасты су ресурстары арнайы зерттеліп, оның гидрогеологиялық картасы жасалған. Ол карталарда қай жерден, қандай тереңдіктен, қандай су шығатыны, оның мөлшері мен сол аймақтағы жерасты суларының барша қоры сияқты деректер көрсетілген. Гидрогеология деген – осы жерасты суларының пайда болуын, орналасуын, құрамы мен қозғалыс заңдылықтарын зерттейтін ғылым.

Жерасты су қорының толығуы жауын-шашын қорымен, мұздықтармен қатар, тұщы су көзі бар үлкен өзендердің әсерінен болады. Біздің елімізге ондай үлкен өзендер, яғни Іле, Ертіс, Жайық, Талас, Сырдария өзендері көршілес елдерден, атап айтқанда, Қытайдан, Ресейден, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келеді. Демографиялық өсімге байланысты және су тұтыну көздерінің көбеюінен бұл сулардың қоры жылдан-жылға азаюда. Мұны рационалды пайдалану мемлекетаралық келісімдермен реттеледі.

Қазақстанда Гидрогеология ғылыми-зерттеу институты бар. Сонымен бірге, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінде Гидрогеология, инженерлік және мұнай-газ геологиясы кафедрасы бар. Бұл кафедраның оқытушы ғалымдары маман даярлаумен қатар, гидрогеология және инженерлік геология, су ресурстары, геоэкология бағытында фундаменталды және іргелі ғылым бойынша зерттеулермен айналысады. Университетте Гидрогеология және инженерлік геология мамандығы бойынша магистратура және  Phd докторантура білім бағдарламалары маман дайындайды. Биыл алғаш рет осы бакалавр мамандығы бағдарламасы бойынша маман дайындауға студент қабылданды. (11-Докторант, 16-магистрант 30-бакалавр).  Мемлекеттік өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша, барлық елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілуге тиіс. Біздің ғалымдар осы бағытта да жұмыс істейді. Атап айтсақ соңғы жылдары Түркістан, Жамбыл, Алматы облыс әкімшіліктерінің тапсырмасы бойынша 150-ден аса елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жер асты суының қорын іздеу-барлау жұмыстарына жобалық сметалық құжаттамалар жасалды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Оңтүстік Қазақстан өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаменті тапсырмасы бойынша K-42-ХІІ парағына 1:200 000 масштабтағы гидрогеологиялық жете зерттеу және инженерлік-геологиялық зерттеуге жоба мен сметалық құжаттама әзірлеумен айналысты. Сонымен қатар ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша 2009 жылы Геология комитетімен бірлесе отырып Қазақстанның 1:1 000 000 масштабтағы Инженерлік геологиялық картасы жасалды, осы сынды Қазақстанның 1:500 000 масштабтағы Гидрогеологиялық картасы, Өндірістік сарқын суларын жер қыртысының терең қабаттарына көмуге арналған алаңдарды зерттеу арқылы картасын құрастыру жұмыстарымен айналысты. Снымен қатар арнайы гидрогеологиялық зерттеу жұмыстары бойынша мұнай газ, уран, алтын, мыс т.б қатты пайдалы қазба кен орындар - кен орындарын игеру кезіндегі гидрогеологиялық және инженерлік геологиялық мәселелерді шешу бойынша жеке келісім-шарттармен жұмыстар жүргізумен айналысады. Олардың бірі «KAZ Minerals Aktogay» ЖСС Ақтоғай мыс кен орнында карьерге су ағынының келуін есептеу, гидрохимиялық мониторинг жүргізу ғылыми жұмыстарымен байланысты. Сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттық ғылыми жобасының аясында жүргізіліп жатқан зерттеу «Мореналық-мұздық көлдердің жарылу қауіптілігінің критерийлерін ғылыми-әдістемелік негіздеу және олардың жарылуынан болатын ықтимал қауіп-қатер дәрежесін бағалауға» арналған ғылыми зерттеу орындалуда.

Қазіргі таңда кей жерлерде, әсіресе халық тығыз орналасқан үлкен қалаларда немесе үлкен өндіріс орындары орналасқан жерлерде жер қойнауын пайдалану ісінің әсерінен жерасты суының ластануы болып жатыр. Оны анықтау үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің тарапынан арнайы мониторингтер, зерттеулер жүргізіліп отырады.

Қазақстан аймағында тұщы және аздаған ашқылтым жерасты суларының табиғи және қолданылмалы ресурсы мол. Олардың елеулі бөлігіне іздеу, барлау жұмыстары жүргізіліп, қолданылатын қоры тиісті мемлекеттік орындарда бекітілген. Әртүрлі экономикалық, әлеуметтік бағытта пайдалану мүмкіндігі негізделген.

Бірқатар дамыған елдер атом реакторларының көмегімен тұзды теңіз суын тұщыландыру арқылы жерасты су қорын қолдан толтырумен айналысуда. Мұндай әдіс бізде қазір де бар. Мәселен, Ақтау қаласын сумен қамту мақсатында пайдаланылады. Болашақта оны кеңінен пайдалануға тура келуі мүмкін.  Су көзі мол артезиан бассейндеріне іздеу, барлау жұмыстарын жандандыру керек. Ал әлем бойынша алсақ, су тапшылығы салдарынан демографиялық өсім көбейген сайын халықтың суы мол аймақтарға қоныс аударуы жиілеуі мүмкін.

Жерасты суының қоры пайдалануға 25 жылға бекітіледі. Әр 25 жыл сайын қайта зерттеліп, балансқа алынып отырады. Ол Су кодексіне сәйкес үздіксіз жүргізіледі. Ауыз суға қатысты нақты санитарлық талаптар бар. Бір адамның бір тәулікте қанша су пайдаланатыны да нормаға сай болу керек. Талап бойынша, қалалық жерде бұл норма жан басына 700-800 литр болса, ауылдық жерде тәулігіне 140-160 литр шамасында. Осы қажеттілікті қамтамасыз ету үшін іздеу, барлау жұмыстары жүргізіледі. Бұл арнайы техника және технологиялық тәсілдермен жүреді. Бұл жұмыс жерасты суына ұңғымалар бұрғылау арқылы 10 метрден 1000 метрге дейінгі тереңдікте қандай сулы қабаттар бар екенін анықтаудан басталады. Содан кейін судың шығыны анықталып, зертханалық жұмыстар арқылы химиялық, радиологиялық зерттеу жүргізіледі. Бұл зерттеу судың  минералдылық деңгейін анықтап, ішуге жарамды болған жағдайда ғана халыққа пайдалануға ұсынылады. Одан кейін жерасты суының деңгейін бақылау үшін бір жыл көлемінде, маусым сайын режимдік бақылау жүргізіледі. 

Елімізде жерасты суының қоры әкімшілік аймақтар бойынша біркелкі таралмаған. Бұл аймақтардың гидрогеологиялық жағдайына байланысты және шаруашылық ауыз сумен қамтамасыз етуге өз әсерін тигізеді.

Негізгі пайдаланылатын жерасты су қорының таралуы Балқаш-Алакөл (46%), Ертіс (19%), Шу–Талас (11%), Арал–Сырдария (7%) және Жайық–Каспий (6%) су шаруашылығы бассейндері шегінде шоғырланған. Қордың тек 10%-ы Тобыл–Торғай, Есіл және Нұра–Сарысу су шаруашылығы бассейндеріне тиесілі.

Еліміздің солтүстік және батыс облыстарында жерасты суын пайдалану қорының қалыптасуы нашар болуы гидрогеологиялық жағдайға байланысты. Ал Қазақстанның оңтүстік және шығыс облыстарында жерасты суының қоры мол.

Экономика салаларында суды үнемдеу, су ресурстарын пайдалануды оңтайландыру болашақта үлкен ғылыми зерттеулерді қажет етеді. Суару жүйесінің пайдалы әсер коэффиценті 0,75-ке дейін арттыруды, су ресурстарын 30%-ға үнемдеуді, ал өнімділікті 1,5–2,0 есеге арттыруды талап етіп отыр. Механикаландырылған суару мен шағын суаруды енгізе отырып, суармалы жерлерді таяу жылдары қайта жаңартуды жүргізу қажет.

Жасанды су көздерін, оның ішінде шахта құдықтары мен су жинау ұңғымаларын салу есебінен Қазақстанның жайылым аумақтарын сумен қамтамасыз етуді жақсарту қажет. Өнеркәсіптің суды көп қажет ететін салаларында айналымды және тұйық сумен жабдықтау жүйесін енгізу және коммуналдық шаруашылық объектілерін, оның ішінде жерасты сулары есебінен басым тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз ету аса маңызды мәселенің бірі.

Ерғали Әуелхан
Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ
қауымдастырылған профессоры,
техника ғылымдарының кандидаты

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту