Ақпарат:

5 тамыз 2020 12093

Дамудың тау-кен металлургиялық іргетасы

Дамудың тау-кен металлургиялық іргетасы

Қазақстанда геологиялық ресурстардың экономикалық өнімін одан сайын арттыруға болады.

Баян Ракишев, академик НАН РК, заслуженный деятель РК, почетный горняк РКТау-кен металлургиясы – ауыр өнеркәсіптің негізгі саласы болып табылады. Қоғамның дамуы осы саланың өнімдерін қолданумен тығыз байланысты.

XVIII ғасырдың ортасынан бастап өнеркәсіпте бірқатар жоғары сапалы металдар қолданыла бастады, бұл әртүрлі қолданысқа арналған машиналар мен құрал-саймандар шығаруға мүмкіндік берді. Экономиканың барлық салаларында, әсіресе өнеркәсіпте кең көлемді машина жасаудың қалыптасуы бұрыннан белгісіз өнімдердің кең спектрін өндіруге жағдай жасады. Ауыр өнеркәсіптің негізінде (тау-кен өндірісі, металлургия, станок және машина жасау) экономиканың барлық салалары, оның ішінде құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы, жеңіл, тамақ  және басқа да салалары дамиды.

ХХ ғасырдың ортасынан бері қарай заманауи ғылыми-технологиялық төңкеріс басталды, ол индустрияның одан әрі даму бағытына қатты әсер етті. Жоғары технологиялар мен тиісті техникалық құралдарды қолдануға көшу үшін жағдайлар жасалды.

Өндірістік процестерді кешенді механикаландыру мен автоматтандыруда, осы процестерді басқаруда ақпараттық технологияларды қарқынды түрде қолдану әдістері енгізіле бастады. Өндіріс негізін өзгертуде іргелі ғылымдардың рөлі күрт өсті. Өндірістің ғылымды қажет ететін жаңа салалары қалыптаса бастады. Сөйтіп ғылым нақты өнімді күшке айналды.

ХХІ ғасырдың басында басталған Үшінші өнеркәсіптік революция өзін-өзі дамыту нәтижесінде біртіндеп Төртінші өнеркәсіптік революцияға өтті, бұл ғылым мен өндіріс саласындағы терең сандық және сапалық өзгерістерді қамтамасыз етті. Сөйте тұра, Индустрия 4.0 революциясы алдыңғы қатарлы технологиялардың интеграциясымен, сондай-ақ физикалық, сандық және биологиялық сфералардың бірігуімен сипатталады.

Өндіріс процесіне қатысатын барлық дерлік физикалық объектілер әр секундта өте мол ақпарат ағынын тудыратын көптеген сенсорлар және датчиктермен жабдықталған. Үлкен көлемдегі мәліметтерді өңдеу және талдау (Big Data) жұмыстары Индустрия 4.0 революциясының қызметін қамтамасыз ететін негізгі элементтердің бірі болып табылады.

Тау-кен металлургиясы – ғылыми-техникалық прогрестің және тұтастай алғанда қоғам дамуының табиғи материалдық-техникалық базасы болып табылады,ал ғылыми-техникалық прогресс, өз кезегінде,  экономиканың барлық салаларында, оның ішінде тау-кен металлургия өнеркәсібінде де инновацияның қозғаушы күші болып қала береді.

Табиғатта өте сирек кездесетін индий, скандий, рений, палладий, осмий, лютеций, цирконий, селен, теллур, кобальт, кадмий сияқты металдар инновациялық және жоғары технологиялар әлемінде кеңінен қолданылады. Олардың көп бөлігі қара, түсті және асыл металдардың құрамында, сондай-ақ  уран, көмір, мұнай кендері құрамында болады.

Жоғары технологиялық металдар мен қорытпалардың жаңа технологияларға қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін,оларды негізгі базалық шикізаттан айырып алу пайдалы қазбаларды кешенді және толық пайдалану мәселесінің өзектілігін одан әрі арттырады. Осы екі міндетті тиімді жолмен шешу Қазақстандағы тау-кен металлургия саласының басты басымдығына айналуда.

Қазақстандағы қатты пайдалы қазбалар кен орындарының басты ерекшелігі – олардың көп компонентті болуында. Мысалы, қымбат металдардан басқа, полиметалл кен орындарында 20-ға дейін сирек кездесетін маңызды элементтер бар, соның ішінде осмий және талий де бар. Республикамызда оларды мыс, қорғасын, мырыш және басқа концентраттардан, сондай-ақ уран кендерінен, көмірден және мұнайдан бөліп алу технологиялары жақсы игерілген.

Қазақстанда күрделі кен шикізатынан сирек және өте сирек кездесетін жер элементтерін өндірудің ғылыми негіздері мен жаңа технологиялары көрнекті ғалым, КСРО Ғылым академиясының академигі Қаныш Сәтбаевтың жетекшілігімен жасалды.

Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің, «Қазақстан Республикасының минералды шикізатын кешенді қайта өңдеу ұлттық орталығы» РМК ғалымдарының келесі ұрпақтары өндіріс қызметкерлерімен бірлесе отырып, көпкомпонентті кендерді алу мен өңдеудің жаңа технологияларын жасады.

Осы технологиялық базаның арқасында республика ірі кен өндірушісі болып отыр, атап айтқанда, рений (әлемде 2–3-орын), бериллий (1–4-орын), титан губкасы (2-орын), тантал, ниобий, галлий, техникалық талий (3-орын), уран (1-орын).

Қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, Қазақстандағы орта көлемді көптеген тау-кен металлургиялық кәсіпорындарда профильді металдармен (платина, алтын, палладий, рений, осмий, таллий және басқалары) қатар жүретін бағалы пайдалы компоненттер көбіне шикізаттан алынбай, байыту және металлургия өндірісінің қоқыстарына кетеді. Олар өндірілетін кәсіпорындардағы кен шикізатынан бұл металдарды өндіру коэффициенті өте төмен. Бұл жағдай геологиялық қорларды бекіту кезінде көбінесе қосалқы пайдалы компоненттер бағаланбайтындығымен және балансқа алынбайтындығымен байланысты.Тиісінше, кен орындарын игерген кезде жер қойнауын пайдаланушылардан оларды бөліп алу талап етілмейді.

Сонымен бірге Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінің ірі кәсіпорындарының алдыңғы қатарлы тәжірибесі мен теориялық зерттеулері көрсетіп отырғандай, инновациялық технологиялар мен техникалық құралдарды әзірлеу және енгізу арқылы асыл және сирек кездесетін металдарды өндірудің қазіргі деңгейін 2–2,5 есеге, ал бейінді металдарды – 1, 5 есеге өсіруге болады.

Қазірдің өзінде қосалқы асыл және сирек кездесетін металдарды сатудан түскен жалпы пайда бейінді металдардан (мыс, молибден) түскен кірістен 9,35 есе асады!

Кенді  кешенді түрде қайта өңдеуден өткізе отырып, Қазақстанның тау-кен металлургия кешені өнімдерін сатудан түскен табыстың қазіргі көлемін қазіргіден 8-10 есе аз байыту көлемімен қамтамасыз етуге болады. Басқаша айтқанда, геологиялық ресурстардың экономикалық қайтарылымының әлеуетін одан сайын арттыруға болады.

Минералды шикізатты кешенді түрде пайдалануды арттыруға арналған шараларды кең көлемде жүзеге асыру үшін, барлық қосалқы, әсіресе жоғары құнды, пайдалы компоненттерді кен шикізатынан алу қажеттілігі мәселесін заңнамалық, мемлекеттік деңгейде шешу қажет, өйткені жоғары технологияның қажеттіліктеріне байланысты бұған деген сұраныс бірнеше есе артып келеді. Бұл Қазақстанда сирек және өте сирек кездесетін жер металдарды жеткілікті көлемде өндіруді қамтамасыз етіп, соның арқасында еліміз жоғары технологиялардың басты негізі болып саналатын сирек кездесетін металдарды өндіру бойынша әлемдік нарықта лайықты орын алатын болады.

Қазіргі уақытта тау-кен металлургия кешені елдің макроэкономикалық көрсеткіштерінің қалыптасуына үлкен әсер етеді. Осы сала жалпы ішкі өнімнің 13%-ын, жалпы өнеркәсіп өндірісі 23%-ды, өңдеу өнеркәсібінің өнімін шығару 48%-ды, елдің экспорты 20%-ды құрайды.

Саланы кең ауқымда әртараптандыру жүзеге асырылуда: өңдеудің жоғары мәнді өнімдерін алу, оның ассортиментін кеңейту, оның ішінде құрылымдық, композициялық және басқа материалдардың жаңа түрлерін алу. Нақтырақ айтқанда, «Қазақмыс» корпорациясының кәсіпорындарында, «Қазцинк» ЖШС-де мыс сым шыбық, фольга, қорытпалар мен металл бұйымдарын шығару қолға алынды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да болат, жалпақ, мырышталған болат, ақ қаңылтыр және прокат өндірісі ұлғайды. ССТБӨБ-де ұсақ денелер, әртүрлі бағытта қолдануға арналған прокат өндіріле бастады. 

Индустрияландыру картасы жобалары аясында Қазақстанда бұрын өндірілмеген өнімдер игерілді, мысалы, «Қазэнергокабель» АҚ-да алюминий сым шыбығы, «Қазтерм» ЖШС-де болат панельді радиаторлар, «SARECO» СП»ЖШС-де сирек кездесетін жер металдарының ұжымдық концентраты, «KSP Steel» ЖШС-де тігіссіз құбырлар өндіріледі.

Болат өндірісі үшін жоғары сапалы шикізат (түйіршікті шойын және брикеттелген ыстық темір) өндірісі жолға қойылды. Болаттың (құбыр жасауға, коррозияға төзімді, теміржол және автомобиль жолдарына арналған) жаңа түрлерін өндіру игерілді.

Әлемдік экономикалық дағдарыс пен коронавирус індетінің таралуы жағдайында тау-кен металлургия саласының қызметкерлері осы саланың тұрақты түрде жұмыс жасауын қамтамасыз етіп, әрі ресурстық-инновациялық стратегияны жүзеге асыра отырып, елдің инновациялық дамуындағы жетекші рөлін сақтайды. Мамандардың бағалауы бойынша, тау-кен металлургия кешені ғылымды қажет ететін отандық өндірісті ойдағыдай дамытып, жоғары сапалы жаңа технологияларды сәтті түрде игеруде.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ғылым комитеті Экономика институтының мәліметінше, тау-кен металлургия кешені – әлбетте, еліміздегі цифрландырудың көшбасшысы болып табылады (өндіруші саладағы 13 ірі кәсіпорын жалпы инвестициясы 315,4 млрд. теңге болатын 58 ірі жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр, олардың 20-сы қазірдің өзінде сәтті аяқталды).

Автор: Рақышев Баян, ҚР ҰҒА академигі,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Құрметті кеншісі

Ақпарат көзі: www.kazpravda.kz
Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту