Ақпарат:

17 тамыз 2018 11718

Тимур Умаров: Оқу қиын болғанмен, жақсы жұмыс табу оңай болады

Тимур Умаров: Оқу қиын болғанмен, жақсы жұмыс табу оңай болады

Тимур Фаридович Умаров 1 шілдеден бастап Сәтбаев Университетінің Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар институтының (АжТТИ) директоры болып тағайындалды. Ол Сәтбаев Университеті порталының тілшісіне берген сұхбатында институттың алдағы өмірі жайлы сыр шертті.

– Өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. АжТТИ директоры ретінде қандай мәселелерге көбірек көңіл бөлетін боласыз?

– Мен академиялық қызметті Қазақ-Британ техникалық университетінде бастадым, ол жерде университеттің академиялық қызметі мен ІТ бағыттарының даму қызметтерін басқардым. Жуырда Сәтбаев Университетінің Ректоры Ескендір Бейсембетов маған Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар институтының директоры болуды ұсынған болатын. Менің негізгі міндетім – институт қызметін әрі қарай өркендету, білім беру бағдарламаларының маңызды бөліктерін жақсарту және оларды халықаралық деңгейге шығару.

– Қазір ІТ саласында қандай өзгерістер болып жатыр? Студенттерді осы өзгерістерге дайындау үшін не шара қолданып жатырсыздар?

– Өздеріңізге белгілі, ІТ-индустрия саласында өзгерістер жылдам болып тұрады. Осыған сәйкес біз де алға қарай ұмтылып, осы сала бойынша жаңа инновациялар ұсынатын елдерден қалмай, солардың қатарында жұмыс істеуге тырысамыз. Ол үшін қазір біздің институтта мәліметтерге сараптама жасау және ақпараттық қауіпсіздік бағытындағы жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Жақсы бағдарламашы немесе инженер-бағдарламашының жинаған тәжірибесі қосымша білім емес, керісінше, қазіргі таңда жұмысқа орналасу үшін ең басты талаптардың бірі болып отыр. Соңғы жылдарда ақпараттық технологиялар мен телекоммуникация қарыштап даму үстінде болғандықтан, жаңадан шыққан әртүрлі мобильдік қосымшаларға деген қызығушылық та артып отыр. Оның үстіне мәліметтердің түрі де экспоненциалдық түрде өсуде (мәтінді, графикалық, дыбысты, бейнелі және т. б.). Сондықтан сараптама жасаудың жаңа әдіс-тәсілдерін студенттерге үйрету керек. Алдымен біз бағдарламаларды жаңаша өзгертіп, оның математикалық модельдеу үлгілерін күшейтуіміз керек. Ол үшін ықтималдылық теориясы мен математикалық статистика, сызықтық алгебра секілді іргелі пәндерді оқыту аса маңызды. Әрі біз орта білім беретін мектептермен байланысты күшейтіп, мұғалім ретінде оларға біздің студенттердің, магистранттар мен докторанттардың қызметтерін ұсынбақпыз. Бұл өз кезегінде оқушыларды техникалық оқу орындарына түсуге тереңдете дайындауға да септігін тигізері сөзсіз. Ал институттағы жалпы оқу үрдісі бойынша біз студенттерге деген талаптарды жылдан-жылға күшейтетін боламыз.

– Студенттермен бірлесіп қандай жұмыс жүргізуді жоспарлап отырсыз?

– Институт директоры ретінде айтарым: институт басшылығының қызметі студенттерге ашық, жария түрде жүруі тиіс деп ойлаймын. Мен ҚБТУ-да ІТ факультетінің деканы лауазымын атқарған кезімде де осындай ұстанымда болдым. Сонда ғана студенттер кез келген уақытта менімен байланысқа шығып, өз жоспарларымен, жаңа туған идеяларымен бөлісе алатын болады. Мен студенттердің кәсіби дамуына бағытталған кез келген жаңа бастамаға, әсіресе әртүрлі олимпиадалар мен байқауларға қатысқысы келетін ынтасына қолдау көрсетуге тырысамын. Сонымен қатар оларға қосымша сабақтар немесе шеберлік сағаттары мен эксперттер қажет болса, оны да ұйымдастыра аламын. Ең бастысы – студенттерді ғылыми жұмысқа жұмылдыру керек, ол үшін докторанттар мен профессорлардың көмегімен нешетүрлі ғылыми семинарлар өткізіп, қызықты жаңалықтармен, тәжірибелермен бөлісіп отыру қажет.

Алдағы уақытта әртүрлі бағыттағы олимпиадаларға көп көңіл бөлінетін болады, өйткені мұндай байқаулар біздің түлектердің болашағына зор көмегін береді. Осы орайда дүние жүзі бойынша ерекше орын алатын – International Collegiate Programming Contest халықаралық спорттық бағдарлама жөніндегі олимпиада. Оның ұйымдастырушысы – америкалық Есептеу техникасы ассоциациясы (Association for Computing Machinery – ACM). Мұндай олимпиаданың жеңімпазы атану былай тұрсын, оған қатысудың өзі көптеген ірі-ірі ІТ-компанияларға жол ашады. Бірнеше қазақстандықтар осы спорттық бағдарлама жөніндегі олимпиадаға қатысып, жеңімпаз атану арқылы бүгінгі таңда Силиконды Алқапта (Калифорния, АҚШ) қызмет атқарып жүр.

– Яғни, негізгі қызмет осы олимпиадаға дайындыққа бағытталатын бола ма?

– Алдымен біз студенттердің еркіне, таңдауына қарайтын боламыз. Біреулері оған қатысқысы келеді, біреулері ғылыммен шұғылданғысы келеді, ал енді біреулері тек диплом алу үшін ғана оқиды ғой. Сондықтан біз де таңдау жасай білуіміз керек. Ал олимпиадаға дайындалғысы келетін студенттер үшін институтта арнайы секция құрылған. Магистранттар мен докторанттар оған басшылық жасайды. Секция ол олимпиаданың жұмысына жетекшілік етіп, оған мониторинг жүргізіп, сараптама жасап отырады. Әрине, алғашқы бірінші-екінші жылдары бір оның іріктеу турларына да өте алмаймыз, алайда қашан болса да әйтеуір бір жеңіске жетіп, институт дәрежесін көтереміз деген сенімдемін.

– Ал студенттердің болашақ қызметтік мансабына Сіз қаншалықты көңіл бөлетін боласыз?

– Бұл ең басты назарда болады. Жұмысқа орналастыру – кез келген білім беру бағдарламасының ең маңызды бөлшегі. Сондықтан да біз жақсы оқитын студенттер мен мамандығы бойынша қызмет атқаратын түлектерді үнемі ынталандырып отырамыз. Мысалы, егер де студент бір компанияға мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, ІТ-жобаларды орындайтын болса немесе бағдарламалық өнімдермен шұғылданып, жоғары GPA дәрежесіне қол жеткізген болса, біз ондай студентке сабаққа «еркін түрде» қатысуға рұқсат береміз. Әрине, мұндай жағдайда студентке қосымша жауапкершілік жүктеліп, оқу материалдары мен тапсырмаларды өз бетінше оқуға және уақытында тапсыруға, оқытушымен үнемі байланысып тұруға тура келеді. Ең бастысы – студент баға жетпес тамаша тәжірибе жинайды. Біздің мақсатымыз да сол – түлектерді өз мамандықтары бойынша толығымен жұмысқа орналастыру, әрі қарай шетелдік компаниялар мен білім беру орталықтарында оқуларына мүмкіндік жасау. Бұл – біздің білім беру бағытымыздың дұрыстығының кепілі, нәтижесі болып табылады.

– Біздің түлектерді жұмысқа орналастыруға көмек беретін өндіріс орындары бар ма? Олармен байланыс қалай?

– Әрине, институт болашақ түлектерге жұмыс беретін ІТ-компаниялармен тығыз байланыс жасайды. Ол жағынан сенімді болу үшін, біз білім беру сапасының жоғары болуын талап етеміз, әрі оны қадағалап отырамыз. Біздің түлектер тек отандық қана емес, халықаралық еңбек нарығының талаптарына толығымен сай болулары керек. Ал бітіріп шыққан түлектердің кейін қалай еңбек ететіндерінен, олардың жетістіктерінен институт оқытушыларының, тіпті жалпы университеттің де абыройы, білім беру дәрежесі байқалады ғой.

– Мұндай жетістіктерге қол жеткізу үшін Сіздердің тараптарыңыздан қандай да болсын жұмыс жүргізіле ме?

–  Алдағы 2–3 жылда бізге Accreditation Board for Engineering and Technology (ABET) аккредитациясын алу жоспарымызда бар. Бұл агенттіктің бас кеңсесі Балтимор қаласында (Мэриленд штаты, АҚШ) орналасқан. Оның құрамына инженерлік және техникалық бағыттағы 80 мыңнан астам кәсіби мамандар (жоғары оқу орындарының белгілі профессорлары мен осы саланың атақты зерттеуші-эксперттері) кіреді. ABET – бүгінгі таңда техникалық мамандықтар жөніндегі дүние жүзіне танымал аккредитациялық агенттік. АҚШ-тың барлық дерлік жоғары оқу орындары өз техникалық мамандықтарын осы агенттікте аккредитациядан өткізеді. Менің басты міндетім – институттың барлық оқытушылары мен кафедра меңгерушілерін, міне, осы агенттіктің аккредитациядан өту әдісімен таныстыру. Оған кем дегенде 2–3 жыл дайындалу керек. Өйткені ABET аккредитациясын бірден алу өте қиын, тек қана алғашқы тапсырылған есептің нәтижесін 3 жыл күту керек. Сол аралықта басқа да көптеген тапсырмаларды орындауға тиіспіз.

–  ABET аккредитациясының нәтижесі Сіздерге не береді?

– Оның нәтижесінде біз халықаралық инженерлік қауымдастықтың сеніміне кіріп, олардан халықаралық қолдау алатын боламыз, әрі біздің түлектердің келешегіне де оң нәтиже береді. Өйткені ABET-аккредитация бағдарламасы бойынша бітірген түлектерге шетелдік университеттерге оқуға түсуіне және дүние жүзінің кез келген елінде жұмысқа орналасуына оңай болады. Мысалы, ҚБТУ түлегіне Мюнхен техникалық университетінің магистратурасына түсуге осы аккредитацияның көмегі өте зор болғаны әлі есімде. Бұл – Европадағы алдыңғы қатарлы таңдаулы университеттердің бірі. ҚБТУ-дың тағы бір түлегі осы аккредитацияның арқасында Австралия университетінде оқуға жеңілдік алған болатын. ТМД-ның барлық елдері арасында ABET-аккредитация бағдарламасы тек Қазақстанда ғана бар болғаны біз үшін зор мақтаныш, бұл артықшылықты әрі қарай да қажетімізге жаратып, пайдалана берсек дейміз.

– Ал оқу сапасы мен деңгейіне оның қандай әсері бар?

– Бұл өз кезегінде пәндердің мағынасына, бағдарлама сапасына, студенттердің үлгерімін қадағалауға және олардың жалпы дайындық деңгейін бақылауға әсер етеді. Тіпті жұмыс беруші компаниялар мен түлектердің жасаған ұсыныстарын біз қалай қабылдайтынымызға дейін әсер етеді. Өйткені олардың берген бағасы, қолдауы, ақыл-кеңестері біздің әрі қарай дамуымызға жол ашып, дем береді.

– Оқу қиын бола ма?

– Ия, оқу қиындай түседі. Күн сайынғы білім көлемі де арта түседі. Теориялық дайындық сапасын сақтай отырып, практикалық тәжірибе беруге де міндеттенуіміз керек. Мүмкін, индустрия жүзінде серіктестік жасауға тура келетін шығар. Ең бастысы – студенттер мен оқытушылардың байланысын күшейтуіміз керек, әрі оқу сапасын арттыру мақсатында топтағы студенттер санын азайту керек. Бұл өз кезегінде институттың абыройын көтеріп, сенімін арттырады. Мұндағы студенттерден бастап, оқытушыларға дейін өз институты мен қызметін мақтан тұта білулері керек. Мен де әріптестерімнен үйренген  ісімді мақтан тұтатын боламын. Ең басты мақтаныш – түлектердің өз оқытушылары мен ғылыми жетекшілеріне, жоғары оқу орны басшылығына арнаған мол алғыстары деп білемін!    

 

Тимур Умаров Computer Science мамандығы бойынша PhD докторы, King's College London Университетін (Ұлыбритания) бітірген. 2004–2018 жылдары Қазақ-Британ техникалық университетінде қызмет атқарды. ABET агенттігінің Computer Science, Information Systems және Information Technology бағыттары бойынша эксперті. Белгілі техникалық және инженерлік ассоциациялар мен CSAB, ACM және IEEE (АҚШ) қауымдастығының белсенді мүшесі. Үстіміздегі жылы 30 қыркүйек пен 5 қазан аралығында АВЕТ комиссиясының эксперті ретінде АҚШ-тың алдыңғы қатарлы бір университетіне Тимур Умаров ресми сапармен барады деп жоспарланып отыр, ол америкалық Computer Science білім беру бағдарламасын аккредитациядан өткізу шарасына қатысады.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту