Ұялы байланыстың базалық станциясы біздің заманымызда
Ұялы байланыстың базалық станциясы біздің заманымызда адамдар арасындағы қарым-қатынасты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ол ұялы радиобайланыс жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Бұл станциялар ұялы телефондар, компьютерлер және ұялы байланысты пайдаланатын басқа да құрылғылар арасында сигналдарды жіберу және қабылдау үшін пайдаланылады. Ұялы базалық станцияларсыз біздің байланысымыз мүмкін болмас еді немесе тұрақсыз болуы мүмкін еді.
Ұялы байланыстың базалық станцияларын орналастыру кезінде олардың бірнеше маңызды параметрлерін ескеру қажет. Біріншіден, сигнал алыс нүктелерге жетуі үшін, олардың тарату қуаты өте жоғары болуы керек. Екіншіден, сигналдар басқа байланыс жүйелерін кесіп өтпеуі үшін және әсер етпеуі үшін, олардың кедергі деңгейі төмен болуы керек. Сонымен қатар ұялы байланыстың базалық станциялары деректерді жеткізу үшін, жоғары жылдамдықты қамтамасыз етуі керек және ірі көлемдегі ақпаратты өңдеу үшін, оның сыйымдылығы үлкен болуы керек.
Ұялы байланыс базалық станцияларына қатысты даулы мәселелердің бірі – олардың түнгі уақыттағы жұмысы. Кейбір адамдар станциялардың электромагниттік сәулеленуіне алаңдаушылық білдіреді, бұл денсаулыққа байланысты проблемаларды тудыруы мүмкін дейді.
Электромагниттік сәулелену – базалық станция антенналарынан туындайтын электромагниттік толқындар. Бұл толқындар Күн, электр сымдары, хабар тарату, теледидар және ұялы телефондар сияқты табиғи және жасанды энергия көздерінен туындауы мүмкін. Электромагниттік сәулелену кейбір жағдайларда пайдалы болғанымен, денсаулыққа қауіп төндіруі де мүмкін. Сондықтан ұялы байланыстың базалық станциясын орнату және іске қосу – өте ұзақ процесс, әрі ол мұқият бақылаумен жасалады және Қазақстан Республикасының заңнамалары деңгейінде қатаң ережелермен реттеледі. Станцияларды орнату жұмыстарын санитарлық-эпидемиологиялық станциялар секілді арнайы ұйымдар бақылайды және санақ жүргізеді.
Базалық станцияны орнату жұмыстарын жүргізуге жобалау материалдарына санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алғаннан кейін ғана рұқсат етіледі. Ол қорытындыда радиациялық есептеулердің нәтижелері көрсетіледі, санитарлық-қорғау аймағының және дамуды шектеу аймағының шекарасы көрсетіледі. Санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары береді. Кез келген ғимараттар мен құрылыстарда базалық станцияларды орналастыру үшін қойылатын ең басты талап – үй ішінде де, сыртқы аумақта да электромагниттік өрістің рұқсат етілген шекті деңгейін (10 МкВт/см2 аспайтын) қамтамасыз ету болып табылады. Базалық станцияның антенналарынан алынатын негізгі электромагниттік энергия жіңішке сәуледе топтасып, жақын маңдағы үйлермен қиылыспайтындай етіп бағытталуы тиіс.
Станцияның түнгі жұмысына және түнгі уақыттағы сәулелену туралы айтатын болсақ, базалық станциялардың қуаты бір мезгілде сөйлесетін немесе осы базалық станцияның қамту аймағында мобильді интернетті пайдаланатын адамдарға байланысты екенін атап өткен жөн. Демек, түнде электромагниттік сәулелену деңгейі іс жүзінде нөлге тең болады. Көптеген ұялы телефон провайдерлері өздерінің базалық станцияларынан шығатын радиация деңгейін үнемі бақылап отырады және оның зиянды әсерін азайту үшін тиісті шаралар қолданады.
Алматы қаласы Бостандық ауданы
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының бас маманы
Елепберген Әбілқасым Аманжолұлы