Ақпарат:

26 сәуір 2018 15433

Жаңартылған Сәтбаев университеті

Жаңартылған Сәтбаев университеті

2015 жылдың соңғы күндерінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ең бірінші техникалық жоғары оқу орны – Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры Ескендір Бейсембетовты Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың ректоры етіп тағайындады. Сөйтіп ҚазҰТЗУ КеАҚ-ға – Коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды.

Сәтбаев университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ринат Искаков:

«Осыдан екі жыл бұрын университет өзінің статусын өзгертіп, акционерлік қоғам болып қайта құрылды. Бұл өзгеріс университеттің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, оқытушылардың еңбекақысын жоғарылатып, көптеген өзекті мәселелерді оңынан шешуге мүмкіндік береді».

Осы өзгеріске аяқ басқан бір жарым жыл ішінде университеттің экономикалық моделі өзгертіліп, білім беру бағытын зерттеу бағытына қарай ауыстыру жөнінде көптеген оң қадамдар жасалды.

 

«Университеттің зерттеу моделі» дегеніміз не?

Қазіргі кезде еліміздің білім беру жүйесіне көптеген өзгерістер енгізіліп жатыр. Интернеттің арқасында ақпарат тез тарайды, ал ағылшын тілді ғылыммен байланыс жасау тіпті күшейді. Соның нәтижесінде көптеген адамдар қашықтықтан білім алуды жөн санап, белгілі ірі-ірі университеттердің тікелей оқу курстарын таңдайды. Мысалға, Калифорнияда оқытушылары жоқ университет ашылып, оның түлектері IBM, Amazon және Tesla секілді ірі-ірі компанияларда еңбек етіп жүр немесе жеке бизнестерімен шұғылданады.

Мұндай жағдайда зерттеу жұмыстарына көбірек ден қойған жақсы – өйткені үйде компьютердің алдында отырып, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мүмкін емес. Сондықтан да қазір оқу жүйесі мен зерттеу жұмыстарын біріктіріп, одан жоғары нәтиже алуға мүмкіндік беретін жаңа модель қарастырылуда. Сәтбаев университеті секілді техникалық жоғары оқу орны үшін бұл ең алдымен – өндіріс орындарына жаңа технологиялардың енгізу болып табылады.

Зерттеу жұмыстарын кім жүргізеді?

Зерттеу университетінің жаңа моделі бойынша жұмыс істеу үшін ең маңызды ресурс – адамдар болып табылады. Нарықтағы аса зор бәсекелестік университетте қызмет еткісі келетін адамдарға аса ауыр талаптар жүктейді. Біріншіден – ағылшын тілі. Бұл тілді білу – халықаралық ғылым саласының соңғы жаңалықтарын білуге және ғылыми жобаларымен танысып тұруға жол ашады, сондай-ақ ғалымдардың «халықаралық кооперациясының жүйесі» көмегімен ғаламдық деңгейде үнемі бәсекеге қабілетті бола білуге мүмкіндік береді.    

Т. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев:

«Менің ойымша, ең бастысы оқытушылар да, студенттер де үш тілді білулері керек – қазақ, орыс және ағылшын. Әсіресе ғылымда, өйткені басты оқулықтар орыс немесе ағылшын тілдерінде. Сондықтан да бұл тілдерді білу қазіргі заманда бәсекеге төтеп беруге ықпалын тигізетінін біз студенттерге үнемі түсіндіріп отырамыз.  

Соңғы бір жарым жылда біз көптеген жетістіктерге қол жеткіздік: ғылыми жаңалықтар саны күрт өсті, профессор-оқытушылық құрамның ғылыми жұмыстарына магистранттар мен студенттерді баулуға мүмкіндік беретін ғылыми-зерттеу зертхана ашылды және т. б.

Оның үстіне біз республикада алғашқылардың бірі болып ВІМ-технологиялар бойынша халықаралық конференция өткізіп, қазір оны оқу үрдісіне енгізіп жатырмыз. Оған қоса, бұл бағыт бойынша магистерлік бағдарламалар да дайындалып жатыр. Келесі жылдан бастап біз осы білім беру бағдарламасына студенттер қабылдайтын боламыз».

Ал оқу үрдісі қалай жүреді?

Берілген деңгейге сай болу үшін көптеген өзгерістер енгізуге тура келді. Ең алдымен – кадр мәселесін өзгерту керек болды. Жүргізілген жаңа кадр саясаты өте қатаң болса да, бұл – Политехта талай жылдар бойы орын алып келген теріс мәселелерді шешудің ең басты жолы болды.

Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ринат Искаков:

«Студенттерге деген талап өте төмен болған, ал олар оқымаған кезде бос уақыттарын не болса соған жұмсайды. Сондықтан да біз бар күшімізді салып, деңгейімізді көтеруге тырыстық, оқығысы келмеген студенттермен қош айтыстық. Талаптарымызды күшейттік: ең алдымен өзімізге деген талапты, одан кейін оқытушылар мен студенттерге деген талапты күшейттік. Олардың арасында байқау өткізіп, мықты дегендерді таңдап алдық. Біз университеттің келешегі зор болып, әлемдік деңгейге шығуын қалаймыз, сондықтан да шетелдік әріптестерімен бәсекелестікті жеңу үшін оқытушылардың қазір болмаса да, кейіннен міндетті түрде ағылшын тілін үйренуін талап етеміз. Әлі талай-талай атқарылар істер толып жатыр, десе де біз ақырындап деңгейімізді көтеріп, дүние жүзінің алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарының қатарына қосыламыз деп үміттенеміз».

Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев:

«Практикаға бару, шетелде тағылымдамадан өту мәселелерінде олқылықтар болған. Мысалы, Польшадағы Белосток техникалық университетіне тағылымдамадан өтуге барған студенттер оқу орнына барып белгіленген де, өздері сабаққа қатыспай, Европаны аралаған. Осындай кемшіліктерге жол бермеу үшін, біз қазір студенттерге екі елден де куратор бекіттік. Оның бірі – біздің елден, екіншісі – барған шетелдікі. Сол екеуі екі жақтан студенттерді қадағалап, бекітілген тиісті бағдарлама бойынша практикадан өтулерін талап етіп отырады.

Университетте енгізілген өзгерістер оң шешімін беріп жатыр деп айтуға болады. Бірде екі студенттің арасында болған әңгіменің куәсі болдым. Олар бір-біріне «еркіндіктің біткені» жайлы, енді «емтиханды келісіп жабу» деген әңгіме болмайтыны жайлы сөз етіп тұрды. Соған қарап, біз дұрыс жолмен келе жатырмыз деп ойлаймын».

Өзгерістер не әкеледі?

Университеттің қызметі студенттердің білім сапасы мен ғылыми-зерттеулік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың көлемін ұлғайтуға бағытталды, мұндай қадам өз кезегінде университеттің экономикалық көрсеткіштерін жақсарта түседі.

Сонымен қатар университет электр көлігі, энергия үнемдейтін құрылыс және қазіргі заманғы металлургия өндірісі бойынша көптеген жобаларды жүзеге асырды. Дүние жүзінің алдыңғы қатарлы университеттерімен халықаралық ынтымақтастық жөнінде байланыс орнатылды.

Халықаралық инновациялық нарықта бәсекелестікті нығайту шеңберінде жасалған қадамдардың бірі – Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың атауын лайықты символикамен қатар Сәтбаев университеті деп өзгерту. Қазақстандық ежелгі университет пен оның жаңартылған атауының сәйкестігі халықтың талай жылдар бойы қалыптасқан дәстүріне, европалық және шығыстық ғылымның дәстүріне деген құрметті білдіреді.  
Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту