Академик Ерғожин Еділ Ерғожаұлының қайтыс болуына байланысты Сәтбаев университеті көңіл айтады
2020 жылы 9 шілдеде белгілі қазақстандық ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор Ерғожин Еділ Ерғожаұлы 78 жасында дүниеден өтті. Сәтбаев университеті ғалымның отбасына мен туған-туыстарына көңіл айтады.
Еділ Ерғожиннің есімі қазақстандық ғылымға кеңінен танымал, ол Қазақстан ғылымының дамуына көп еңбек сіңірді және Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Елбасыға елдің ғылымы мен білім жүйесін бір қалыпқа келтіруге көмектесті. Еділ Ерғожиннің жетекшілігімен республикада 2010 жылға дейінгі іргелі зерттеулердің басым бағыттары анықталды, Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» заңының жобасы мен Қазақстан Республикасының ғылыми және ғылыми-техникалық саясатының тұжырымдамасы, сондай-ақ мемлекеттік «Ғылым» бағдарламасы жасалды.
Еділ Ерғожин әр жылдарда С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры, Ә.Б.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының бас директоры және ион алмасу шайырлары мен мембраналар зертханасының жетекшісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, ҚР білім және ғылым вице-министрі болып, ғылыми және оқытушылық қызметті кеңінен атқарды.
Еділ Ерғожин – ҚР ҰҒА-ның академигі, АҚШ-тың Нью-Йорк академиясының академигі, бірнеше қазақстандық және шетелдік университеттердің құрметті профессоры, Америкалық химия қоғамының мүшесі, 32 іргелі монографияның, 7 оқулықтың, 348 өнертабыстың және мыңнан астам ғылыми мақалалардың авторы.
Көрнекті ғалым мен тамаша ұйымдастырушының сіңірген ерен еңбегі жоғары бағаланып, ол Қазақ КСР ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығымен, «Әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін» даңқ медалімен, академик Вавилов атындағы медальмен, «Қазақ КСР-на еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағымен (1984), «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» (2014) атақтарымен марапатталды.
Ғылыми білімді таратуға, білім беру және гуманитарлық қызметке қосқан зор үлесі үшін Еділ Ерғожиннің есімі Қазақстанның Құрметті Алтын кітабына және Әлемнің көрнекті ғалымдарының дүниежүзілік реестріне енгізілген.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ғалымды жерлеу рәсімі жақын туыстары мен достарының ортасында ғана өтеді. Егемен Қазақстанның игілігі үшін жасаған еңбегін ғалымның ұлы, ҚР ҰҚК басшысының орынбасары Дәулет Ерғожин жалғастыруда.