Ақпарат:

11 сәуір 2019 6522

Алматыда ІІІ Халықаралық инновациялық форум өтті

Алматыда ІІІ Халықаралық инновациялық форум өтті

«Сандық Қазақстан: ХХІ ғасырда қала құрылысы жүйесінің тұрақты дамуы» атты  ІІІ Халықаралық инновациялық форумның қатысушылары 10–11 сәуір күндері Сәтбаев университетіне келді. Жыл сайын өтетін бұл іс-шара қала құрылысының жобасына сандық технологияларды енгізуге бағытталып, оны Халықаралық сәулет академиясы, Сәтбаев университетінің Т.Бәсенов атындағы Сәулет, құрылыс және энергетика институты, халықаралық Autodesk компаниясы ұйымдастырған болатын.

Форум барысында Орталық Азия елдерінен, Ресей, Германия, Италия мен Бельгиядан келген архитектура саласының эксперттері баяндама жасады.

– Пікірсайыс алаңында кәсіби мамандар арасында, мемлекеттік басқару органдары мен қоғамдық ұйымдар арасында өзара байланыс қалыптасты. Биылғы жылғы форумның ерекшелігі – сандық технологиялар саласындағы шешімдер қолданысқа енгізуге дайын. Осы форумның нәтижесі бойынша қабылданатын Қазақстан қалаларының тұрақты дамуының басты қағидалары жөніндегі Декларация еліміздің премьер-министрі Асқар Маминге жіберіледі. Сондай-ақ осында оқылған баяндамалар жинағы жарыққа шығады, – деп атап өтті форум модераторы, Т.Бәсенов атындағы Сәулет, құрылыс және энергетика институтының директоры Болат Құспанғалиев.

Халықаралық сәулет академиясының бірінші вице-президенті  Андрей Чернихов (РФ), Autodesk компаниясының Орта Азия елдері арасында бизнесті дамыту жөніндегі директоры Дмитрий Калашников, Сәтбаев университетінің архитектура докторы Алексей Абилов, ЮНЕСКО консультанты Шукур Аскаров (Өзбекстан), геоархеологтар Сала Ренато (Италия) мен Деом Жан-Марк (Бельгия) және басқалары форум барысында өз зерттеулерін көпшілік назарына ұсынды.

ІІІ Халықаралық инновациялық форумның бағдарламасы пленарлық отырыс және «Қала құрылысы жүйесінің тұрақты дамуы – заманауи үрдістер», «Ақылды қала және сандық технологиялар», «Мәдени мұра тұрақты даму факторы ретінде» тақырыптарына бағытталған секциялар жұмысын қамтыды. Форум нәтижесінде қабылданған Декларацияны қатысушылар Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Маминге жіберді.

Декларацияда негізінен форум қатысушылары қазіргі заманда әлемдегі қалалар мен ауылдардың дамуы барысында орын алып отырған өзекті мәселелерді талқылағандары туралы және де заманымыздың тұрақты даму концепциясының маңызды бөлшегі ретінде мәдени мұраларды сақтау қажет екендігі туралы айтылған.

–  Бірлесе отырып жүргізген жұмыстардың нәтижесі негізінде «Сандық Қазақстан: ХХІ ғасырда қала құрылысы жүйесінің тұрақты дамуы» атты  ІІІ Халықаралық инновациялық форумның қатысушылары бірнеше ұсыныстарды қабылдады. Атап айтқанда, ең алдымен қала құрылысын жоспарлау жөніндегі құжаттарды дайындау кезінде тұрақты даму индикаторларын қолдану үшін нормативті-құқықтық база орнату қажет. «Ақылды қала» және «жасыл архитектура» идеяларын іске асыру үшін қазіргі заманғы сандық технологиялардың бірыңғай жүйесін орнатуды қолға алу керек. Қала құрылысын жоспарлау жөніндегі құжаттар мемлекеттік органдар тарапынан бекітілгенге дейін, олар сандық форматта қала тұрғындарына қол жетімді болу үшін барлық жағдайды жасау керек. Сөйтіп қала құрылысы саласында жобалық ғылыми зерттеулердің ролін арттыру қажет. Мәдени ескерткіштерді сақтау және қайтадан қалпына келтіру жөніндегі жобаларға сандық технологияларды барынша енгізу керек, ол үшін еліміздегі жылжымайтын мәдени ескерткіштер туралы мәліметтердің бірыңғай базасын орнатуымыз керек. Сонымен қатар жылжымайтын мәдени мұра объектілеріне қатысты барлық жұмыстарға баға беруші аттестациядан өткен эксперттердің желісін құруымыз керек, – деп институт директоры Болат Құспанғалиев Декларацияның негізгі тезистеріне тоқталып өтті.

Форум аяқталғаннан кейін оның нәтижесі бойынша меморандум қабылданады.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту