Біз Марсқа Илон Масктан бұрын жете аламыз ба? – Сәтбаев университетінде мұнай-газ саласының болашағы талқыланды
Сәтбаев университетінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің инженерлік білім беру саласындағы Оқу-әдістемелік бірлестігінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға халықаралық сарапшылар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, қазақстандық 46 жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдары, «Қазатомөнеркәсіп», «Самұрық-Қазына», «ҚМГ» және «ҚАЭС» компанияларының өкілдері қатысып, мұнай-газ саласында білім беру мен оның болашағын талқылады. Білім беру бағдарламаларын құруға арналған отырысқа студенттер алғаш рет қатысып, болашақ жұмыс берушілерге өз сұрақтарын тікелей қоюға мүмкіндік алды.
Кеңес жұмысына Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова қатысып, жиналғандардың барлық сұрақтары мен ұсыныстарын мұқият тыңдады.
– Бүгін біз мұнай-газ саласына қажетті инженерлерді даярлау мәселесін талқыладық, – деді ол өз сұхбатында, – және қазіргі заманда бір ғана саланың маманы болу жеткіліксіз екенін көрдік. Болашақта бәсекеге қабілетті болу үшін, студенттер цифрландыру, жаһандану, жасанды интеллект, экология дегеннің бәрін оқып-біліп, зерделеуі керек. Бүгін, міне, студенттер мен өндіріс өкілдерінің кездесіп отырғанына мен қуаныштымын – бұл бізге алға қойған мақсаттарға жетуге және болашағымыз үшін қажетті инженерлерді даярлауға мүмкіндік береді.
Кездесу мемлекет, бизнес және ғылым өкілдерінің бірлескен жұмыс алаңына айналды, олар жаһандық өзгерістер жағдайында мұнай-газ саласының негізгі сын-қатерлері мен перспективаларын, сондай-ақ «Қазақстан мұнай-газ саласының тұрақты дамуына арналған инновациялық шешімдер: мемлекет, бизнес және ғылым арасындағы өзара іс-әрекет» тақырыбындағы мәселелерді талқылады. Әсіресе мамандар даярлау, озық технологияларды енгізу және цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кеңесте оқылған өзекті баяндама – Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры Асқар Сыздықовтың баяндамасы болды, ол ұзақ мерзімді перспективада мұнай-газ саласын дамытудың жаңа тұжырымдамасын ұсынды:
– Бізді шабыттандыратын ең басты нәрсе – жаңадан бастаған осы жолымыз», – деді ол. – Біз тек қана алға, әлемнің жетекші университеттері, Силикон алқабы, Илон Маск секілді көрегендер қарайтын жаққа қарауымыз керек. Біз қазір еліміздің жер қойнауынан кен өндірудің тиімділігін арттыру бағытында жұмыс істеп отырмыз, дегенмен де сонымен қатар Айды, Марсты және басқа планеталарды өз ресурсымыз ретінде пайдалануды да ойластырып жатырмыз. Бұл туралы қазірден бастап ойламасақ, кейін кеш болуы мүмкін.
Жаңа тұжырымдама мүмкіндіктердің жаңа көкжиегі ретінде Жерден тыс жатқан геологияны қарастыруды, экстремалды жағдайларда жұмыс істей алатын механизмдерді жасау үшін инженер мамандарын даярлауды, өзара әрекеттесудің жаңа парадигмасы бар роботтардың жаңа түрін әзірлеу жұмыстарын қамтиды, соның аясында нейрондық желілер мен адамдар дос болып, бірін-бірі толықтырып отырады, сондай-ақ ғылым, мемлекет және бизнес бірлігінің синергиясын ежелден белгілі «Даналар-Жауынгерлер-Шеберлер» үлгісі бойынша қайтадан жаңғыртуды қарастырады.
Жиын соңында отырыс қорытындыланып, жұмыс диалогы және нетворкинг жүргізілді. Тұрақты және инновациялық мұнай-газ саласын қалыптастыру бойынша мемлекеттік органдар, университеттер мен бизнес арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайту осы кездесудің нәтижесі ретінде аталды. Ал жұмыс барысын талқылау нәтижесінде «Ұңғымаларды бұрғылау техникасы мен технологиясы» атты жаңа білім беру бағдарламасын ашу туралы шешім қабылданды. Жиналғандар сонымен қатар дамудың жаңа тұжырымдамасын талқылап, бұл жай трендтер ғана емес, бұл – ғарышты зерттейтін, жасанды интеллект енгізетін және әлемнің келбетін өзгертетін инженерлер үшін сынақ деген қорытындыға келді. Ал Сәтбаев университеті бұл сынаққа әрқашан дайын.