Франция делегациясы Сәтбаев университетіне келді: екі елдің атомдық энергетикасы нығаюда
Франция президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға сапары аясында Алматыда өткен жоғары білім берудің VIII француз-қазақстандық форумы барысында Францияның инженерлік және бизнес-мектебінің өкілдері Сәтбаев Университетіне келді.
Қонақтарды Қазақстандағы тұңғыш техникалық университет қабырғасында ректор Мейрам Бегентаев қарсы алды. Францияның Қазақстан Республикасындағы Бас консулы Фабрис Невё мырза жауап сөз сөйлеп, Қазақстан мен Франция университеттері арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас одан әрі тереңдей түсетінін баса айтты.
Сапар барысында «Геология және энергетика саласына қажетті кадрларды даярлау» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, француздық I2EN инженерлік мектебінің директоры Карен Даифуку дөңгелек үстелдің модераторы болды. Оның баяндамасы Франция саясатына және I2EN мектебінің ядролық энергетика саласындағы жұмысына арналды. Әсіресе «3+1» бағдарламасы Қазақстанда да, Францияда да оқуды көздейтіні баса айтылды. Содан кейін баяндамашы басқа француз университеттерімен, сондай-ақ француздық білім беру тәсілімен таныстыру үшін, сөзді әріптестеріне берді.
Дөңгелек үстел Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры Асқар Сыздықовтың сөйлеген сөзімен аяқталды. Ол Сәтбаев Университетінің геология саласына қажетті инженерлерді даярлаудағы көзқарасы мен өз институтының осы бағытта жасаған жұмыстарына кеңінен тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Еліміздің басым бағыттарының бірі – сирек және өте сирек кездесетін жер металдарының кен орындарын игеру болады, бұл геологиялық мұқият барлауды қажет етеді». Осы үшін жасалатын қажетті қадамдардың бірі – жас геолог мамандарды, өздерінің бойындағы көшбасшылық қасиеттерін көрсете алатын, шығармашылық қабілеттерін дамыта алатын, демек, бүкіл оқу үдерісін қайтадан құра алатын инженерлерді даярлау болып табылады.
– Климаттың жаһандық өзгеруі, пандемия, халықаралық қақтығыстар – бұлар төніп тұрған қауіп емес, бұлар орын алып отырған фактілер. Біз Сәтбаев Университетінде тұрақты және гүлденген болашақты құру үшін ғылым мен энергияны қалай пайдалануымыз керегі туралы ойланатын уақыттың келгенін көріп отырмыз. Бұл тек технология туралы әңгіме ғана емес, бұл бізді жаңа философияға апарар жолымыздың бастамасы», – деді Асқар Хамзаұлы өз сөзінде.
Дөңгелек үстел алдағы ынтымақтастық қарым-қатынас, студенттермен алмасу және өзара ғылыми қарым-қатынас туралы пікір алмасумен аяқталды.