Lenovo мен Сәтбаев университетінің серіктестігі инновациялар мен студенттік кәсіпкерлік үшін жаңа мүмкіндіктер ашады
Сәтбаев Университетінің 90 жылдық мерейтойында Lenovo аудиториясы ашылды. Бұл жоғары технологиялық инновациялық кеңістік цифрлық экономика саласындағы мамандарды даярлауға, университеттің ғылыми әлеуетін дамытуға және инновациялар мен кәсіпкерлікті қолдауға арналған.
Lenovo аудиториясы биыл Сәтбаев Университетінде құрылған FabLab MIT экожүйесінің бір бөлігі ретінде цифрлық жобалау және сандық бағдарламамен басқарылатын станоктарда жұмыс істеу саласындағы микробіліктіліктерді алуға мүмкіндік береді. Студенттер мұнда модельдеу және инженерлік графиканы оқып, өз идеяларының прототиптерін жасап, оларды FabLab шеберханасының базасында жүзеге асырады. Сонымен қатар, аудитория киберқауіпсіздік, деректерді басқару, жасанды интеллект және цифрлық модельдеу салаларында білім алу мен зерттеулер жүргізуге арналған кеңістік ретінде қызмет етеді.
Lenovo ThinkStation P3 және әлемдегі 64 ядролы процессормен жабдықталған алғашқы жұмыс станциясы – Lenovo ThinkStation P620 сияқты инженерлер үшін инженерлер әзірлеген бірегей жоғары өнімді жұмыс станциялары аудиторияға орнатылған. Бұл архитектура компьютерде бірнеше үдерісті бір уақытта іске қосуға мүмкіндік береді, әсіресе 3D-модельдеу, рендеринг, үлкен деректерді өңдеу және симуляциялармен айналысатын мамандар үшін пайдалы. Бұл құрылғылар студенттерге күрделі есептеулер жүргізуге, өндірістік үлгілерді модельдеуге және IT мен жасанды интеллекттің шексіз кеңістігін игеруге мүмкіндік береді.
Сәтбаев Университетінің түлегі, Lenovo Intelligent Device Group-тың Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі корпоративтік сату директоры Ғазиз Әбдірасылов Lenovo үшін мұндай кеңістік құру – жергілікті білім беруді қолдаудағы алғашқы тәжірибе екенін атап өтті.
Мен FabLab сияқты үлкен қозғалыстың бір бөлігі болғанымызға және біздің студенттерге өз идеяларын креативті түрде жүзеге асыру мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымын, — деді ол құттықтау сөзінде.
Lenovo – жасанды интеллектке баса назар аудара отырып, зерттеулер мен әзірлемелерге көп қаржы салатын әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың бірі. Сәтбаев Университетіндегі Lenovo аудиториясының ғылыми әлеуеті жасанды интеллект, реверс-инжиниринг, киберқауіпсіздік және инженерлік симуляциялар сияқты бағыттардағы зерттеу жобаларын жүзеге асыруға бағытталған.
Бұл бастама университеттің студенттері мен ғалымдарына күрделі талдаулар жасауға және индустриялық серіктестер үшін инновациялық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді, осылайша олардың жоғары технологиялық салаларды дамытуға қосқан үлесін нығайтады.