Ақпарат:

18 желтоқсан 2024 439

Өмір бойы оқу: білім мен еңбек нарығын жақындатуға жасалған қадам

Өмір бойы оқу: білім мен еңбек нарығын жақындатуға жасалған қадам

Сәтбаев университетінде қазіргі еңбек нарығының талаптарына бейімделу үшін білім беру жүйесін микробіліктіліктер арқылы дамытуға арналған семинар басталды. Семинар Стратегиялық серіктестер форумы аясында Италияның Академиялық мобильділік және тану ақпараттық орталығы (CIMEA) мен ҚР ҒЖБМ Жоғары білім беруді дамыту жөніндегі ұлттық орталықтың арасындағы келісім нәтижесінде ұйымдастырылды. Семинар жұмысына Қазақстанның 103 жоғары оқу орны мен колледждерінің өкілдері қатысты.

Қазақстан үшін микробіліктіліктер – қазіргі әлемнің талаптарына сай нақты дағдыларды қалыптастыруға негізделген білім беру жүйесін құруға көмектесетін өзекті тренд. Мұндай жүйе қоғамның тұрақтылығын арттырып, сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, қызметкерлерге еңбек нарығына тез бейімделуге мүмкіндік береді және бүкіл қоғамның экономикалық өсуіне ықпал етеді.

— Микробіліктіліктер – бұл Қазақстанда да, әрі Еуропада да бастау алып отырған жаңа бағыт, — деп атап өтті ЖББДЖҰО директорының кеңесшісі Амантай Әбілқайырұлы Нұрмағамбетов. – Сондықтан да біз еуропалық әріптестермен бірлесе отырып, микробіліктіліктерді әзірлеу, бағалау және пайдалану ережелерін дайындау үстіндеміз, осылайша кез келген адам өмір бойы өзіне қажет ақпаратты алып, дағдыларды меңгеріп, табысты жұмыс істеп, мансап құра алады.

Өмір бойы оқу: білім мен еңбек нарығын жақындатуға жасалған қадам

Семинар жұмысына бизнес пен мемлекеттік органдар өкілдері және шетелдік өкілдер қатысты. Семинарды ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Джарасова ашып, бейресми білім беру мен микробіліктіліктерді реттейтін нормативтік-құқықтық актілер туралы айтып берді. Осы заңнаманың практикалық іске асырылуының әртүрлі аспектілерін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ләззат Шонаева және Ұлттық біліктілік жүйесінің әдіснамалық қолдау департаментінің директоры Сандуғаш Қоңқаева баяндап берді.

Халықаралық перспективалар туралы қатысушыларды CIMEA компаниясының бас директоры Лука Лантеро мен CIMEA директоры Киара Финочетти таныстырды. Олар Италияның микробіліктіліктер саласындағы тәжірибесі мен халықаралық стандарттарын ұсынды.

Өмір бойы оқу: білім мен еңбек нарығын жақындатуға жасалған қадам

Семинар бағдарламасы экономикадағы негізгі салаларда: IT, маркетинг, қаржы және өндірісте микробіліктіліктерді енгізудің табысты мысалдарын талқылауды қамтыды. Талқылаудан кейін Жоғары білім беруді дамыту жөніндегі ұлттық орталық пен CIMEA арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, бұл Қазақстанның білім беру жүйесіне халықаралық тәжірибені интеграциялауға мүмкіндік ашады.

Үш күнге жоспарланған семинар қатысушыларға халықаралық тәжірибелерді тереңірек зерттеуге және CIMEA-ның жетекші мамандарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Бұл іс-шара кәсіби білім беруді жаңғырту және оны еңбек нарығының өзекті сұраныстарымен байланыстыру жолында маңызды қадам болмақ.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту