Пандемиядан кейін қазақстандықтарға қайда жұмысқа тұруға болады?
Эксперт: Андрей Симонов,
Сәтбаев университеті Қашықтықтан
білім беру институтының Директоры
Пандемияның өте кең таралуы бүкіл әлем үшін күрделі сынаққа айналды. Карантин Қазақстанда көптеген адамды жұмысынан айырып, табыссыз қалдырды. Тек осы көктемде ғана 4,6 миллион қазақстандық азаматтарға табысынан айрылу бойынша жәрдемақы төленді– бұл елдің еңбекке қабілетті жастағы халқының тең жартысы. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан басқа, кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтардың көп бөлігі коронавирустың кесірінен уақытша жұмысын тоқтатты немесе өндіріс көлемін төмендетті, сондай-ақ әлемдік нарықтағы бағаның төмендеуі салдарынан туризм, қоғамдық көлік және басқа да салалар шығынға ұшырады.
Болжам бойынша, карантин біткеннен кейін үш-бес жыл ішінде ғана экономика біртіндеп қалпына келеді, дегенмен де жақын болашақта дағдарыстан шығуымыз екіталай. Алайда мұндай жағдайда әдеттегідей жаңа мүмкіндіктер де ашылады. Сондықтан алдағы жылдарда мансаптық даму туралы қазірден бастап ойлайтын кез келді – ол үшін жұмыс орнын ауыстыру керек немесе мансаптық серпіліс жасау керек.
Дағдарысқа тәуелді болмау үшін сізге сарапшы болу керек. Сондықтан егер де атқарып отырған лауазым жоғары біліктілікті қажет ететін болса, сізге өзіңіз үшін мүлдем жаңа, нөлден бастайтын қызмет саласын таңдау керек емес. Мысалы, мұнайшы жаңа қызмет ретінде бағдарламашы мамандығын таңдамауы керек – қазір мұндай ауысудың уақыты емес. Сіз нарықта ең көп бағаланатын шеберлікті таңдап, соны жетілдіре түсуіңіз керек. Бұл өз мамандығыңызды сақтауға кепілдік береді, немесе мамандығыңыз ескірген болса, жаңа жұмыс тауып алуға мүмкіндік береді. Мұндай маман дағдарысты күтпей-ақ, жұмыс бағытын қалай өзгерту керектігі туралы дәл қазір ойлануы керек.
Жоғары деңгейдегі агенттіктер екінші жоғары білім алуға тікелей кеңес береді, өйткені бірнеше платформада жұмыс жасауға қабілеттіліктің болуы дағдарыс кезінде де мансаптық дамуға мүмкіндік береді. Сондықтан егер де мансапты жоғарылатуды жоспарлаған болсаңыз, екінші жоғары білім алу өте маңызды. Ал «техникалық білім + менеджмент», «индустрия + қаржы» тіркесімі адамға елдің жоғары билеуші тобына кіруге мүмкіндік береді.
Сарапшылардың болжамына сәйкес, өнеркәсіптік өндіріспен байланысты инженерлік мамандықтар жетекші орынға шығады. Бүгінде ең жоғары сұранысқа ие мамандар: құрылысшылар, көлік, технологиялық машиналар мен жабдықтар саласындағы мамандар, сонымен қатар машина жасаушылар. Одан кейін металлургтер, энергетиктер, мұнай және газ, компьютерлер, радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің технологиясы мен конструкциясы саласындағы жұмысшылар. Солардан кейін тау-кен, автоматтандыру және басқару, бұйымдар жасау мен жылу энергетикасы саласындағы мамандар қажет.
Біздің университет Қазақстандағы жоғары білімнің көшбасшыларының бірі ретінде ірі ұлттық компаниялармен белсенді түрде ынтымақтастық қарым-қатынас жасайды, сондықтан бізде нарықтық жағдайды тікелей бақылауға мүмкіндік бар. Мәселен, егер өткен жылы жұмыс берушілер арасында ең жоғары сұранысқа ие болған мамандықтар «Мұнай инженериясы» (студенттердің 19%-ын компаниялар оқуға жіберген) мен «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» (16%) мамандығы болса, биыл «Тау-кен инженериясы» (50%) мен «Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту», «Электроэнергетика», «Автоматтандыру және роботтандыру» бағдарламалары басымдыққа ие болып отыр.
Жалпы, дағдарыс – білім алу үшін ең жақсы уақыт. Және бұл күтпеген үзілістің салдарынан еріксіз пайда болған уақыт пен күш-қуаттың арқасында ғана емес. Ең бастысы – өздігінен қарқынды түрде білім алу болашақтағы маңызды дағдыға үйретеді, яғни жаңа жағдайға тез бейімделу қабілетін дамытады. Сондықтан да оқуға ақшаны қорықпай-ақ жұмсауға болады.
Пандемиямен байланысты жағдай бүкіл әлемде ұзақ уақыт бойы күн тәртібінде қалатындығын ескере отырып, ең алдымен өз қызмет салаңызда болып жатқан жағдайлар туралы ақпарат жинау керек, компаниялардың сұраныстарын зерделеп, барлық ақпаратты жан-жақты бағалау керек, содан кейін қосымша білім таңдау мәселесі мен карантиннен кейін қайда жұмыс істеу керектігі туралы мәселе өздігінен шешіледі.