Сәтбаев Университеті автоөнеркәсіпке инновация енгізуде
Қараша айының басында Сәтбаев Университетінің ғылыми делегациясы Қостанай қаласындағы «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» зауытында ресми сапармен болды. Бұл – Қазақстанда Chevrolet, KIA, Lada, UAZ, Renault маркалы автомобильдердің барлық түрлерін шығаратын жалғыз зауыт. Делегацияны университеттің Ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Әлібек Шоқпаров басқарып барды.
Кездесу еліміздің бірінші техникалық университеті мен аймақтық өндірістер арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың қыркүйек айында Сәтбаев Университеті мен Allur Auto компаниясының арасында өткен келіссөздердің жалғасы болып табылады. Екі жақ тараптар отандық автомобиль өнеркәсібінде сұранысқа ие болып отырған инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға бағытталған бірлескен жұмыстарды одан әрі талқылады. Осы мақсатта Сәтбаев Университеті дуальды оқыту әдісі және «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» зауытында тікелей тағылымдамадан өту бағдарламасы бар жаңа білім беру бағдарламаларын ашуды жоспарлап отыр.
Делегация жұмысына облыстың барлық дерлік ірі өнеркәсіп орындары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Атап айтқанда – Қазақстан машина жасаушылар одағы, «Агромашхолдинг KZ», «QazTehna», «KamlitKZ», М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-техникалық университеті, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Қостанай автомобиль көлігі колледжі.
Сапар бағдарламасы өте ауқымды болды: Allur Корпоративтік университетінің дуальды оқыту әдісі бойынша жетекші инженерлерімен және мамандарымен кездесулер мен конференциялар өтті, «KamlitKZ» және «АгромашхолдингKZ» өндіріс орындарына экскурсиялар, сондай-ақ өңірлік ЖОО ректорларымен кездесулер ұйымдастырылды. Кездесу барысында Сәтбаев Университеті мен М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-техникалық университеті арасында ынтымақтастық қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойылды.
Биылғы жылы басталған белсенді ынтымақтастық қарым-қатынас бағдарламасы 2023 жылы да жалғасатын болады, өйткені бағдарлама Қазақстан Республикасының білім, ғылым және бизнесті интеграциялау саласындағы жемісті және тиімді ынтымақтастық қарым-қатынасқа кепілдік беретін Жол картасына сәйкестендірілген.