Сәтбаев Университеті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын қарсы алды
2021 жылғы 06 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары - Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы, Нөкетаева Динар Жүсіпәліқызы, Мәкежанов Сұлтанбек Алмасбекұлы, Сүлеймен Ләззат Жаңылысқызы, Жүсіп Нұртөре Байтілесұлы жұмыс сапарымен Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне келді.
Кездесу барысында Университет ғалымдары өздерінің ғылыми-техникалық әзірлемелерін көрсетті, бұл әзірлемелердің нәтижелері бүгінде экономиканың нақты секторында, сондай-ақ әлемді танудың көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік беретін зертханаларда белсенді қолданыс тауып отыр. Депутаттар экономиканың өнеркәсіптік секторымен ынтымақтастықты күшейтудің, қолданбалы ғылымды дамытудың және іргелі зерттеулер жүргізуге жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, қазіргі таңда Парламент қабырғасында университеттердің материалдық-техникалық базасын күшейтуге және талантты ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыммен айналысуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін бірқатар нормативтік-құқықтық құжаттарды қамтитын «Ғылым туралы заң» әзірленуде. Депутаттардың пікірінше, жетекші ұлттық ғылыми-зерттеу университеттері өңірлік жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастықта болуы тиіс, бұл ел ғалымдарының жаңа білім саласындағы әлеуеті мен ресурстарын шоғырландыруға, ғылыми ойды кеңінен таратуға мүмкіндік береді, зерттеулердің қолданбалы сипатын қамтамасыз етеді және жас ғалымдардың жаңа буынын тәрбиелеу үшін бірлескен білім беру бағдарламаларының ортақтығын қалыптастырады.
Сондай-ақ, депутаттар металлургия және кен байыту институтының қызметімен танысты. Институт ғалымдары өз қызметтерінің нәтижелерін және зерттеулердің перспективалық бағыттарын көрсетті.
Сенат депутаттары жұмыс сапарын қорытындылай келе, ғылымды дамыту жолында мемлекеттің белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын, 2025 жылға қарай елде ғылыми қызметті қаржыландыру ЖІӨ-нің 1% -ына жететінін, ғылымды және жастарға техникалық білім беруді ынталандыру арқылы ғылыми қызметті қаржыландырудың жаңа бағыттары әзірленетінін атап өтті.
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары жұмыс сапарларын Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан бастады. Сонымен қатар, қонақтар «Геологиялық ғылымдар институтында» орналасқан Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш Президентінің мұражайы мен жеке кабинетінде болып, Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловқа «Қ.И.Сәтбаевтың 120 жылдығы» мерейтойлық медалін табыстау салтанатының куәгері болды.