Сәтбаев Университетінің жас ғалымдары ел Президентімен кездесуге қатысты
16 қараша күні Мемлекет басшысы Алматыда студенттермен және жас ғалымдармен кездесу өткізіп, оған Сәтбаев Университетінің өкілдері де қатысты. Жас инноватор ғалымдар өздерінің ғылыми жобаларын ұсынып, еңбектері мен жетістіктері туралы әңгімеледі. Кездесуге Сәтбаев Университеті атынан қатысқан жас ғалым Айдос Джоласов бокситті қайта өңдеу туралы баяндамасын көпшілік назарына ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық студенттердің баяндамаларын зор ықыласпен тыңдап, ұсынылып отырған тамаша ғылыми әзірлемелер мен технологиялық стартаптардың барлығы еліміз үшін маңызды екенін айтты. Сондай-ақ Президент Алматы қаласы ғылым мен білімнің жетекші орталықтарының бірі екенін атап өтіп, ғылым саласындағы белсенді жұмыс еліміздің дамуы үшін маңызды екеніне тоқталды.
– Қазақтың белгілі геолог-ғалымы Қаныш Сәтбаев Алматыда Ғылым академиясының негізін қалады. Академия қабырғасында еңбек еткен көптеген ғалымдарымыз қазақ ғылымының дамуына орасан зор үлес қосты. Аға ұрпақ ғалымдардың жеткен жетістіктері жастар арасынан өзінің лайықты жалғасын табуы тиіс», – деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы цифрландыруға және басқа да озық технологияларға негізделген қызметтер бүгінгі таңда ең күшті жаһандық трендтердің біріне айналып отыр деді. Сондықтан да Қазақстан бұл үдерістен шет қалмауы тиіс, осы тұрғыда елдің ең маңызды артықшылығы – жалынды жастар, инженерлердің жаңа буыны болуы керек.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы және қолжетімді білім беруді дамытуға баса назар аударды. Білім сапасын арттырып, халықаралық озық тәжірибені енгізіп қана қоймай, студенттердің оқуы мен өмір сүру жағдайына да тиісті көңіл бөлу қажет екені туралы айта келіп, Ел басшысы ғылымның ашық моделін және эндаумент-фонд сияқты құралдарды енгізу ең тиімді тәсіл екеніне тоқталды. Ал бұл процестің көшбасшысы – Сәтбаев Университеті болады, өйткені оның ғылыми-зерттеулік инфрақұрылымын барлық техникалық жоғары оқу орындары пайдалана алады деп атап өтті.
– Біз адам капиталы табиғи ресурстардан да маңыздырақ болатын дәуірге аяқ басып отырмыз». Еліміздің ең басты байлығы – халық. Сондықтан да халық өзінің потенциалын жүзеге асыруы үшін барлық қажетті жағдайды жасау – мемлекеттің басты міндеті болып табылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.