Ақпарат:

31 қазан 2019 6954

Сырым Төлеулиев: Политех маған өмірлік кәсібімді таңдауға көмектесті

Сырым Төлеулиев: Политех маған өмірлік кәсібімді таңдауға көмектесті

Төбесі бес метр, графика және серверлермен толықтырылған тоғыз экран, тәулік бойы бақылау – мұның бәрі Қазақстандағы ең заманауи орталықтардың бірі «Kazteleport» деректерді өңдеу компаниясының техникалық қолдау қызметі. Бұл көптеген компаниялар үшін ең қасиетті құпияларды сақтаушы болып табылады.

«Kazteleport» – Қазақстандағы ең көне телекоммуникациялық оператор. «Halyk Group» компаниясынан басқа, «Kazteleport» операторы клиенттерінің арасында қазақстандық барлық банктер, қаржылық мекемелер, ірі-ірі холдингтер, Алматы қаласының құтқару қызметі, жедел жәрдем қызметі, авиакомпаниялар, елшіліктер бар. Сонымен қатар «Kazteleport» КЦМР, KASE, VISA, MasterCard, Reuters және несиелік бюролардың сервистерін қолжетімді етеді.

Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың 2007 жылғы түлегі Сырым Төлеулиев «Kazteleport» компаниясындағы қызметі жайлы және бұл компания Сәтбаев университетімен бірлесіп, қандай жұмыстар жүргізіп жатқаны жайлы айтып берді.


Сырым Толеулиев: Политех помог мне выбрать дело жизни

Сырым Төлеулиев – «Kazteleport» компаниясының басқарма директоры. «Қазақстан Халық Банкінің ЖЗҚ» АҚ-ның телекоммуникация саласында қызмет етті. Құрамында 250 филиалы бар осы ұйымның желілік инфрақұрылымының жұмысына жетекшілік етеді.


— Кәсіби маман ретінде сіз және сіздің компания немен айналысасыздар?

Сырым Төлеулиев: Мен қызметімді желілік технологиялар маманы ретінде бастадым, бес жылдан астам «Халық банктің» корпоративтік желісіне қолдау көрсету және жобалау жұмыстарымен айналыстым. Одан кейін «Kazteleport» компаниясына ауысып, жобаларды басқару жұмыстарына кірістім. Компанияның басты мақсаты даму болғандықтан, оның жаңа бағыттарының бірі – Деректерді өңдеу орталықтары мен бұлтты сервистер қызметін ұсыну болды. Бұл 2014 жыл болатын, мұндай қызмет саласы біздің елімізде енді ғана пайда бола бастаған еді. Сондықтан да мен компанияның осы бағыттағы жұмыстарын ұйымдастырумен және оны дамытумен шұғылдандым.

Бұл салада ең қажеттісі – виртуалдандыру технологиясын білу маңызды. Осы технологияларды қолдана отырып, біз клиенттерімізге бұлтты сервистер қызметін ұсынамыз. Мұндай қызмет компанияларға өз ақпараттық жүйелерін кеңейтуге, сөйтіп деректермен жұмысты толығымен коммерциялық дата-орталықтарда жалға алынған есептеу қуаттары арқылы жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл көптеген компаниялар үшін өте пайдалы, өйткені олар өздерінің қаржыларын үнемдеуге мүмкіндік алып, соның нәтижесінде бар ынтасын бизнестің маңызды мәселелерін шешуге арнайды. Міне, біз осы мүмкіндіктерді жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылымдарды ойлап табамыз және оған техникалық қолдау көрсетеміз.

Кейіннен біз қызмет көрсету түрлерін ұлғайтып, SaaS және PaaS қызметтерінен басқа да әкімшілік қосымшаларды, бағдарламалық қамтамасыз етуді жалға алу және киберқауіпсіздік сияқты қызметтерді ұсындық. Киберқауіпсіздікті енгізген себебіміз – біздің дата-орталықтарда клиенттердің ең құпиялы, әрі ең маңызды деректері сақталады, солардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы қызмет түрін енгіздік. Сәйкесінше, оның өз алдына бөлек сервисі бар. Бұл компания бизнесінің жаңа бағыты болып табылады.   

— Бұл өте қиын жұмыс па?

Сырым Төлеулиев: Оны былай түсіндіруге болады. Біздің дата-орталықтарда клиенттеріміз өздерінің ақпараттық жүйелерін орналастырады, өйткені бизнестің тұрақты түрде дамуы нақ осыған тікелей байланысты. Ал біздің міндетіміз – бұлтты сервистің тоқтаусыз, 24/7 режимінде үнемі жұмыс істеп тұруын қамтамасыз ету. Барлық стандарттарды дұрыс сақтай отырып, ережелер мен нұсқаулықтар бойынша жұмыс жүргізілсе, бұл еш қиындық тудырмайды.

Әрине, өз кезегінде бұл қызмет операциялық менеджмент, жүйелік әкімшілік, желі жұмысының, виртуалдандыру жүйесінің және басқа да технологиялардың қағидаттарын жетік білуді талап етеді. Ең бастысы – желі жұмысына дұрыс қарай білу керек, тиянақты, мұқият, тіпті өте тәртіпті болу керек. Сол себепті де біз кадрларды таңдағанда, оларға жоғары талап қойып, зейін саламыз. Болашақ қызметкерлер бізде сұхбаттасуға келгенде, біз міндетті түрде олардан өмірде немен шұғылданғың келеді, 5 немесе 20 жылдан кейін кім болғың келеді деп сұраймыз. Біз адамға не қызықты екенін білгіміз келеді: бағдарламалар ойлап табу ма, жобалау жұмыстары ма немесе үлкен құрылыста жұмыс істегісі келе ме, әлде ақпараттық жүйелерді киберқауіптіліктен қорғағысы келе ме? Яғни, осылардың қайсы оған жақынырақ екенін білу. Егер ол адам бізге лайықты болса, қандай жағдайда да біз оған жұмыс беруге тырысамыз.   

— Сәтбаев университетімен ынтымақтастық байланыс жасау жоспары қалай туындады?

Сырым Төлеулиев: Бұл 5 жылдай бұрын туындаған мәселе. Мен өзімнің оқытушым Нұргүл Сейіловамен күтпеген жерден кездесіп қалдым. Әңгіме арасында бізге жақсы мамандар қажет екенін айттым. Содан бері ол кісі бізге түлектерді жіберіп отырады. Қазір де жас мамандар қажет болса, дереу университетпен хабарласамыз да, студенттерді сұхбаттасуға шақырамыз. Олармен тест жүргізіп, жақсыларынан интервью аламыз. Осылайша біз Сәтбаев университетінің студенттері үшін практикадан өту бағдарламасын іске қостық.  

Бес жыл қатарынан 4-курс студенттері бізде практикадан өтіп жүр, жылына 8-10 адам келеді. Кейбіреулері жай әшейін белгіленіп, баға алу үшін келеді, біреулері біздің жұмысымызға қызығушылық танытып, өз беттерімен бірдеңе істеуге тырысады, бастама көтереді. Мұндай студенттерге біз қолдау көрсетіп, белгілі бір бөлімге орнықтырып, қасына жетекші тағайындаймыз. Практикадан кейін оларды компанияда қалдыруға тырысамыз.

Сондай-ақ біз жастарға мамандық таңдауға көмектесеміз. Бізде аз ғана уақыт жұмыс істегеннен кейін, бұл оларға қажет пе, жоқ па екендігін олар өздері де түсінеді. Сондықтан да біз практикаға келген студентке бірден айтамыз: егер де сен осы салада жұмыс істеуге дайын болсаң, біз саған кез келген бөлімшеден жұмыс тауып береміз. Мамандардың қасына отырып үйрен, байқа, көмектес дейміз. Олар көмектесуге тырысып, кейбір тапсырмаларды орындай отырып, өздерінің мамандықтарының қыр-сырын түсіне бастайды. Сөйтіп студенттердің арасында таңдау жүргізіп, бір-екеуін жұмысқа аламыз. Биыл 4 түлекті жұмысқа қабылдадық.

 

Егер сен Политех студенті болсаң, «Kazteleport» компаниясына жұмысқа қалай тұруға болатыны жөніндегі 5 қадам:

  1. Өзіңнің мақсатыңды анықтап ал. Өмірде немен шұғылданғың келеді: бағдарламалық қамтамасыз ету әдістерімен бе, әлде сол бағдарламалар жұмыс істейтін инфрақұрылымдарды жасағың келе ме?
  2. Технологияларды оқып үйрен. Қазір виртуалдандыру жүйесі мен үлкен инфрақұрылымдардың жұмысын қарапайым компьютерде ұқсастырып жасайтын жақсы бағдарламалар жеткілікті. Мұндай бағдарламалар үйде отырып та күрделі технологияларға тест жүргізуге, сөйтіп практикалық білім алуға мүмкіндік береді. Сондықтан да өзіңді мұқият болуға, тиянақтылыққа үйрет.
  3. Сені практикаға қай жерге жіберетінін алдын ала оқытушыдан сұрап біліп ал. «Kazteleport» компаниясында жұмысты тағылымдама кезінен бастауға да болады.
  4. Практика кезінде өзіңді жақсы жағыңнан көрсетуге тырыс, пайдалы іспен шұғылданып, күнделікті жұмысқа жауапкершілікпен қара, күрделі технологиялардың жұмысымен танысып, тереңірек ұғынуға тырыс. Басшылық саған көңіл аударып, жұмысыңды бағалайтындай бол.
  5. Егер де саған тест тапсыруға тура келсе – шешімдерін дұрыс табуға тырыс. Тіпті сөз болып отырған технологияны білмейтін болсаң да, түпкілікті жалпы жауабын беруге ұмтыл – бұл ескерілетін болады.

 

— Жоғары оқу орнын енді бітірген, тәжірибесі жоқ түлектермен жұмыс істеуге сіздер дайынсыздар ма? 

Сырым Төлеулиев: Ия, әрине. Еңбек нарығында жақсы мамандар тапшы. Біздің талаптарымызға сай келетін кәсіби мамандардың барлығы жұмысқа тұрып қойған. Сондықтан да өзімізге лайық маманды еңбек нарығынан таппайтын болсақ, онда біз түлектерді жұмысқа қабылдап, соларды тәрбиелеп, кәсібіне үйретеміз.

Ал енді бізге жұмысқа тұрып, командаға қосылу оңай емес. Ол үшін бірнеше сынақтан өтіп, тест тапсыру керек. Ең алдымен біз кандидаттың базалық біліміне, оның ой-өрісіне қараймыз. Тест сұрақтарына дұрыс жауап беру аз, ол өзінің қабілеттерін, мүмкіндіктерін көрсете білуі керек, жан-жақты білімдар және жаңа идеялар ұсына білуі де керек. Біз оны әрі қарай үйретіп, бір жылдан кейін кәсіби білікті маман етіп шығарамыз. 

Сырым Толеулиев: Политех помог мне выбрать дело жизни
Сырым Толеулиев: Политех помог мне выбрать дело жизни

— Жұмысқа енді ғана орналасқан студенттер мансабы бойынша жоғарылай ала ма, әлде олар тек бір ғана позицияда жұмыс істей ме?

Сырым Төлеулиев: Біз мамандарды үнемі ауыстырып отырамыз. Түлектерді алдымен біз жеңіл жұмысқа аламыз. Олар әбден үйреніп, мол тәжірибе жинағаннан кейін, өз кәсіптерін түсіне бастайды. Содан кейін ғана олар негізгі кәсібін таңдап, сол бағыт бойынша жұмыс істейтін бөлімшелерге ауыстырылады. Бір мұндай әдісті әдейі ойлап тапқан жоқпыз, жұмыс барысы өзінен-өзі осылай қалыптасады.

Қазір компанияда Политехтың 10-нан астам түлектері жұмыс істейді. Әзірге олар біздің сенімімізді ақтап жүр. Мысалы, Дархан Жұмахан небары екі жылдың ішінде дата-орталықтардың желілері бойынша тамаша маман атанып отыр, қазір ол желінің ең маңызды тораптарына өз бетінше қолдау көрсете алады. Cisco желілік құрал-жабдықтарын өндірушіде өзінің сертификаттау жүйесі бар, кәсіби мамандар мен жұмыс берушілер оны өте жоғары бағалайды. Басқалар 3-4 жылда оқитын алғашқы екі кезеңді Дархан екі жыл ішінде оқып бітіріп, барлық емтихандарын тапсырып бітті. Қазір ол соңғы кезеңнің емтихандарына дайындалуда. Алғашында ол Service Desk бөліміне орналасқан болатын, кейіннен желілік инженер лауазымы босаған кезде біз оны сол бөлімге ауыстырдық.

Сол сияқты Нұрсұлтанов Бекнұр да ең алдымен Service Desk бөлімінде жұмыс істеді, кейіннен оның талпынысын көріп, біз оны киберқауіпсіздік қызметін көрсетуші бөлімге ауыстырдық. Ол да қауіпсіздік жүйелері бойынша сертификаттарға ие болды, қазір өз бетінше жобалар даярлап, біздің клиенттердің ақпарат қауіпсіздік жөніндегі күрделі тапсырмаларды орындайды. Ол жауапкершілігі өте мол жігіт, қиын мәселелерді шешуге үнемі атсалысып жүреді.

Бауыржан Жалдыбаев: Мен Сәтбаев университетін 2016 жылы «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша бітірдім, қазір Service Desk менеджері болып істеймін. Университетте алған білімім маған жұмыс барысында көп көмектесті. Бұл жерде бәрін тез ұғынып, бәрімен тез арада тіл табыса білу керек. Өйткені үнемі клиенттермен жұмыс жасаймыз. Демалыс күндері де біз жұмыстан қол үзбей, әрдайым байланыста боламыз. Осының бәріне мені Сәтбаев университеті үйретті. Мен үшін бұл өте маңызды.     

— Сіздің қызметкерлерде өздеріне ұнайтын жобамен айналысуға мүмкіндік бар ма?

Сырым Төлеулиев: Әрине, біз қызметкерлерге өздерінің идеялары мен жобаларын іске асыруға мүмкіндік береміз. Қызметкерлер өз ойлары мен идеяларын еркін түрде білдіру үшін компанияда барлық жағдайлар жасалған. Бастамашыларға қолдау көрсетеміз, әсіресе жобаларын іске асыруға қызығушылық танытып, жауапкершілікпен қарайтын адамдарды жоғары бағалаймыз. Сондай қызметкерлердің көпшілігі – Политехтың түлектері болып табылады, оларға үнемі қолдау көрсетіп, ынталандырып отыру керек, сондықтан да барлық жағдайларды жасауға тырысамыз.

Ал енді кәсіби білікті арттыру мәселесіне келетін болсақ, қызметкерлердің оқуы мен емтихан тапсыру шығындарын компания өзі төлейді. Компанияның есебінен қызметкерлерді Мәскеуге оқуға жиі жіберіп тұрамыз. Өйткені бізге жаңа технологияларды жетік білетін мамандар керек. Бұл шығындар кейін мамандардың адал еңбегімен еселеніп қайтары сөзсіз, өйткені жоғары білікті маман қашан да жаңа идеялар мен жаңа технологияларды ұсынып, дата-орталықтың жұмысын жақсартуға мол септігін тигізеді. Бұл – біздің тұтынушыларымыздың басты талабы, олар өздерінің ақпараттық жүйелерін орналастырған инфрақұрылымдарға кәсіби мамандар жауап беріп, жоғары дәрежеде қызмет көрсетілетініне сенімді болғысы келеді. Сол үшін де біз осындай білімді мамандардан команда құруға тырысамыз. Бұл қызметкерлерге де, компанияғада өте тиімді.   

Сырым Толеулиев: Политех помог мне выбрать дело жизни

— Компания қызметкерлерінің мансап құру мүмкіндігі бар ма?  

Сырым Төлеулиев: Компания үнемі даму үстінде, жаңа бағыттар мен жаңа бөлімшелер ашылуда. Сәйкесінше, қызметкерлердің де біліктілігі артып келеді деген сөз. Ол үшін біз барлық жағдайды жасап отырмыз. Басқасы қызметкердің жеке өз басына байланысты. Тіпті басқарма ретінде жоғарылағысы келсе де мүмкіндіктер жеткілікті.

Жалпы біз үнемі алға қарай өзгеріп отыратын салада еңбек етеміз ғой. Ай сайын жаңа әдістер мен жаңа технологиялар пайда болып отырады. Сондықтан ІТ-технология саласының маманы да үнемі оқып, заманауи технологиялар жөніндегі білімін жетілдіріп отыруы керек. Әйтпесе заман ағымынан қалып қоюы мүмкін.

Ең маңыздысы – таңдаған мамандық көңілден шығуы керек, өйткені онымен өмір бойы айналысуға тура келеді. Ал енді жоғары оқу орнын таңдауға келетін болсақ, әрине, талай жылғы тамаша тарихы, өзіндік дәстүрі, биік абыройы бар оқу орнына ештеңе жетпейді. Оны да ескеру керек.   

Алмат Боралиев: Политехтың былтырғы жылғы түлегі, қазір магистрант, «Kazteleport» компаниясының қызметкері. Бізді мұнда 4-курста практикаға жіберген еді, орын босаған кезде жұмысқа орналастым. Мұнда Политех түлектері өте көп. Алғашында жұмыс қиындау көрінетін, кейіннен бәріне де үйрендім. Университетте алған білімім көп көмек болды, қазір бәрі жақсы.

— Осы салада табысқа жету үшін не істеу керек?

Сырым Төлеулиев: Егер де адам біздің салада жоғары табыстарға жеткісі келетін болса, алдымен ол ең негізгі іргелі білімдерді терең меңгеріп, ІТ саласы бойынша белгілі бір маман иесі болуы тиіс. Тек қана жай маман емес, жоғары білікті, бәсекеге қабілетті маман болуы керек. Ол үшін үнемі оқу үстінде болып, алғашқы 5 жылда әрдайым жаңа технологиялармен жұмыс істеп, мол тәжірибе жинауы тиіс, әрі бастаған ісіне жоғары жауапкершілікпен қарауы керек.

Компания қызметкерлерінің үздіксіз өсіп, дамып отырғаны біз үшін өте маңызды. Сондықтан да кабинеттің қабырғасына белгілі философ-футуролог Элвин Тоффлердің айтқан мына сөздерін іліп қойдық: «ХХІ ғасырда оқу-жазу білмеген адам сауатсыз болып саналмайды, керісінше, оқи білмейтін, қайта оқып, білімін жетілдіре білмейтін адам сауатсыз деп саналады». Алғашқы алған білімің саған тек 5-6 жылға ғана жетеді, содан кейін үнемі оқып-үйреніп отыру керек.

Элвин Тоффлер (Alvin Toffler) — америкалық философ, әлеуметтік ойшыл және футуролог, постиндустриалды адамзатқа кеңінен танымал тұжырымдама авторларының бірі, көптеген кітаптар мен мақалалардың авторы. Әдебиет, құқық және жаратылыстану саласы бойынша құрметті доктор дәрежесіне ие болған.

— Бұл мамандықты қыз балалар меңгере ала ма? Осы салада қызмет етіп жүрген қыздар көп пе?

Сырым Төлеулиев: Әрине, бұл салада қыздар да өте көп. Алайда біздің жұмыста темір-терсек, сым-темірдің арасында қыздарға жұмыс істеу өте қиын, кейде күш қолдану керек болады. Десе де, мен жүйелік әкімшілік болып қызмет атқарып жүрген қыздарды да көрдім. Айта кету керек, олар кейбір жігіттерден де артық еңбек етеді. Киберқауіпсіздік мамандығы бойынша мен білетін тамаша кәсіби маман иесі қыз бала болатын.   

— Сіз Сәтбаев университетінің түлегісіз. Осы оқу орнында алған біліміңіз өмірде сізге көмектесті ме?

Сырым Төлеулиев: Сәтбаев университеті менің өмірімде маңызды роль атқарды. Ең бастысы – мен мұнда тамаша базалық білім алып шықтым, өмірлік адал достар таптым. Менің өмірде өз орнымды табуыма, жақсы маман иесі болып қалыптасып, жетілуіме солардың бәрі өте зор әсер етті. Қазір мен өзіме ұнайтын, сүйікті ісіммен айналысып жүрмін.

Біздің компания АКТ инфрақұрылымы үшін Қазақстандағы №1 провайдер атануды жоспарлап отыр. Осы мақсатқа жету үшін біз ІТ саласына қызығушылық танытатын, шығармашылық дарыны бар бастамашыл қызметкерлер тобын біріктіріп, бір команда құрмақшымыз. Біз әлі қатарымызды кеңейтеміз, жаңа қызметкерлер жинаймыз. Солардың көпшілігі Сәтбаев университетінің түлектері болады деген сенім мол.

 

Түлектерге пайдалы 6 кітап:

  1. Эшли Вэнс. «Илон Маск. SpaceX, Tesla – дорога в будущее»
  2. Eric Shmidt. «How Google Works»
  3. Джефф Сазерленд. «Scrum – революционный метод управления проектами»
  4. Стивен Кови. «7 навыков высокоэффективных людей»
  5. Александр Бек. «Волоколамское шоссе»
  6. Исай Калашников. «Жестокий век»
Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту