Ұмытылмас сапар
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 2-6 аралығында Алаш қозғалысының рухани көсемі, Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы, ақын, публицист Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай Алматы-Қостанай-Торғай-Ақкөл бағытында жол сапарға шықтық.
Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімі институтының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы музей-үйінің ғалымдары және Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Ахметтанушы Алматылық ғалымдарынан құралған топты Қостанай қаласында Қостанай Мемлекеттік университетінің ректоры Сеитбек Бекенұлы қарсы алып, өзінің ыстық ықыласын білдірді. Ізгі ниетті естелік болсын деп, университет алаңында орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы ескерткіші жанында суретке түстік.
Қыркүйектің 3- күні Қостанайдан жолға шыққан ғалымдар тобы 600 шақырымнан астам жолды артқа тастап, кештете Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған Ақкөл ауылына келіп жеттік. Ертесіне, Ақкөлдегі Ұлт ұстазының рухына орнатылған кесенеге тағзым етіп, ата-бабасының рухына құран бағыштадық. Кіндік қаны тамған үйдің орнына жаңадан салынған Ахмет Байтұрсынұлы мұражай үйіне тәу еттік!
Мерейтой аясында тарихи қала, Жангелдин ауданының орталығы Торғай қаласында да болып, тарихи қаламен таныстық. Мерейтойға арнап салынған А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы әдеби үйін тамашаладық. Қос тұлғаның атындағы әдеби үйге жақында ғана баспадан жарық көрген «Ерлік пен қасірет» атты тарихи танымдық зерттеу еңбегімді сыйладым.
Сапар барысындағы өкінішті бір жағдай, Қостанай облысындағы өртке байланысты Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтойда жоспарланған Торғай қаласындағы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының ескерткішінің ашылуы, «Ұлтына ғұмырын арнаған Ұлы тұлға» атты тақырыптағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция сынды іс-шаралар кейінге шегерілді. Алла сәтін салғанда осы іс-шараларға Мемлекет басшысы келіп қатысады деп күтілген болатын.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы:
«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын,
Ел - бір күншіл, менікі ертеңгі үшін», —
деген еді. Өмірінің соңына дейін өз халқының азаттығы мен теңдігі үшін күресіп өткен және сол жолда құрбан болған қайраткер тұлғаның асыл мұралары мен күрес жолы бүгінгі ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге болып қала бермек!
Салқынбек Досалы Исаханұлы
тарих ғылымдарының кандидаты
қауымдастырылған профессор